Тәртіп сақшылары құқықтық бақылауды күшейтті
#qyzylordatv #заңментәртіп
Жаңақорғанда жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Рейдтік тексеру барысында тәртіп сақшылары үш күн ішінде 95 әкімшілік құқық бұзушылық дерегін анықтап, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылды.
Жол қозғалысын өрескел бұзып, бірнеше көліктің қатысуымен кортеж ұйымдастырған бұл оқиға Жаңақорған ауданында болған. Қазір, оған қатысты іс тіркеліп, кінәлілер анықталып жатыр. Тиісінше, ауданның полиция бөлімі де көлік қозғалысын реттеу үшін күшейтілген режимге көшкен.
Аудандық полиция бөлімімен әр апта сайын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында рейдтік бақылаулар ұйымдастырылуда. Жол-патрульдік полиция жасағы мен әкімшілік, білім саласының қызметкерлері, еріктілер аудан аумағында патрульдік кезекшілікке шығады. «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 70-тен аса түрлі деңгейдегі заң бұзушылықтар анықталды.
Кезекті рейд барысында жол сақшылары «Мерседес» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің темір тұлпарды басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қарапайым ережені сақтамаған көлік иесіне сақшылар заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Енді жүргізуші 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр.
Ал, мына жас-жеткіншектер түнгі уақытта ойын алаңқайларында жүр. Дегенмен, межелі уақыттан аспай үйлеріне қайтатындарын айтты. Тиісінше, тәртіп сақшылары да жасөспірімдерге қауіпсіздік шараларын айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Беймезгіл уақытта көше кезіп жүретін болса шара көрілетінін қатаң ескертті.
Жалпы, ауданда тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысының нәтижесінде қылмыстылық деңгейі 27 пайызға төмендеген. Ал, рейдтік іс-шара жыл соңына дейін жалғасады.