Негізгі Жаңалықтар Қара асардағы қазына

Қара асардағы қазына

#qyzylordatv 

Қаңлы кезеңінің тарихын тағы да тани түсуге мүмкіндік мол. Бұл сөзімізге Жетіасар жазирасында жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстар дәлел. Биыл қазба Қара асарда өтіп жатыр. Зерттеу барысында ғалымдар 500 шаршы метр аумақты аршып, Жетіасар жұртында 6-шы ғасырда тіршілік тоқтағанын тұжырымдады.


 Қара асарда құнды қазына көп. Оны мына қазба айғақтайды. Биыл 60 метрден астам көше мен бірнеше тұрғын жайдың орны аршылды. Сондағы таңғалдырып, таңдай қақтырғаны – мына тұғыр. Есіктің емін-еркін ашылып-жабылуы үшін пайдаланған бұйым ірі қараның сүйегінен жасалған.


 ӘЗІЛХАН ТӘЖЕКЕЕВ – Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

 Қара асардың ерекшелігі есіктердің оңай ашылып-жабылуы үшін есік тұғырын арнайы ірі қара сиыры мен жылқының жамбас сүйегін үш жағынан шауып, арнайы шұңқырға орнатып, міне мына жерде қажалған іздері көрініп тұр көзбен... осы жерге есікті бір жағына қарай оңай ашып-жабу үшін, міне мынау арнайы ойық жасап, отырғызған... Бұл тұғырлар қазір қазба барысында 50-ге жуығы табылды. Яғни, кез келген есікті оңай ашып-жабу үшін тұғыр болған.


 Кеңестік кезеңде Жетіасар жазирасын Хорезм археологиялық экспедициясы зерттеген. Осыған дейінгі құжаттарда қала 8-9 ғасырларда өмір сүруін тоқтатқан деп жазылған еді. Ал биылғы қазба жұмыстары мұндағы өмір 6-шы ғасырда аяқталғанын айғақтап отыр. Және көлеңкеде жатқан көп деректер де күнеске шықты.


ӘЗІЛХАН ТӘЖЕКЕЕВ – Ә.МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

 Мынау дән үгітетін аймақ. Яғни, мына жерде диірмен тасты былай қойып, үстіне дән үккіш тасты қойып, дәнді үгіткен. Үгіткен дән шашылмас үшін мынадай арнайы орын жасаған. Шағын ыдыс табылып тұр ішінен. Мүмкін бұл үгітілген дәнді алуға арналған ба! Бізде бұл бұзылмай жеткен табылым болып тұр... Шетелдік зертханалардан алған деректер бойынша, қазір қаланың 6-шы ғасырда өмір сүргенін тоқтатқанына көзіміз жетіп отыр... Бұл оазистің шығысында тұр, яғни арналардың басталатын жерінде тұр. Осы басталатын жерінің өзінде өмір 6-шы ғасырда тоқтаса, онда қалған Жетіасар оазисінде де өмірдің 6-шы ғасырда тоқтағанына көзіміз жетіп отыр.


 Қазба жұмыстары Германия мамандарымен бірлесіп жүргізілуде. Ортaғaсырлық шaһaрды зерттеу мақсатында Неміс институтының археологтары Сыр өңiрiнe aрнaйы кeлгeн.


 ФИНН ШРАЙБЕР – НЕМІС АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ МАМАНЫ

 Негізгі мақсатымыз – Қара асар тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін зерттеу. Бұл – бірегей археологиялық нысан. Осыған дейін жерлеу орындары зерттелгенімен, қоныстардың басым бөлігі толық аршылмаған еді. Осы қазба арқылы қала жұртының қалай өзгергенін, халқының өмір сүру жағдайын анықтай аламыз. Бұл жұмыстарды біз Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен және Қорқыт ата университетімен бірге жүзеге асырып жатырмыз.


Қазба жұмыстары келер жылы да жалғасын табады. Сондықтан тарихқа қатысты тағы да тың дүниелер ашылуы мүмкін. Қазір ғалымдар бұған дейін табылған артефактілерді зерттеп-зерделеп, ғылыми айналымға түсірмек.


Бөлісу