Мүгедектігі бар балаларды қоғамға бейімдеп, олардың шығармашылығын шыңдау маңызды. Осыған байланысты Арал ауданында ерекше қамқорлықты қажет ететін балалардың қатысуымен өнер фестивалі өтті. Шара аясында балғындар ән айтып, би биледі. Ертегілер еліне саяхат жасап, ерекше әсерге бөленді.

«Екі жұлдыз» өнер фестиваліне келушілер әуелі балалардың өз қолымен дайындаған қолөнер бұйымдарын тамашалады. Мұнда барлық қатысушының шығармашылық жұмыстары қойылған. Соның ішінде Аят мен Мұраттың туындылары көрмеге келушілердің ерекше назарын аударды.

АЯТ НАҒАШЫБАЕВ – ОҚУШЫ //Біз осы фестивальге өз қолымызбен дайындаған өнерлерімізді және әнімізді дайындап келдік. Ән айтуды біреу үйреткен жоқ. Өзім үйрендім. Осы кешті ұйымдастырған жандарға рақметімді айтамын.//

Іс-шараға 20 бала қатысты. Олар тақпақ айтып, ән айтып, би билеп шаттанды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары жеткіншектердің өнерге деген талпынысы мен құлшынысына ризашылығын білдіріп, барлығына бірдей естелік сыйлықтар үлестірді.

БЕКТЕМІР ЖҰМАҒҰЛОВ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Бала біздің болашағымыз, келешегіміз. Оны тәрбилеу, жетілдіру, қоғамдағы ортаға қосу, білім мен тәлім беру біздің мемлекеттің, оның ішінде Арал ауданы әкімдігінің басты міндеттерінің бірі деп ойлаймын. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрін, болашаққа апаратын жолын дәріптеу, насихаттау ізгілікті іс болып саналады. Соның ішінде айрықша ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар біздің аялы алақанымызды сезіну керек. Бұл шара балалардың зияткерлік және шығармашылығын дамытуды көздейді. Олардың қоғамнан шет қалмай, барлық мүмкіндікке қол жеткізе алу дегенді көздейді.//

Талабы таудай Арнұр мен Аяулым жуырда ғана балалар арасындағы облыстық өнер фестиваліне қатысып, тамаша өнерлерімен танылған еді. Енді міне, туған жеріндегі игі шарада әуелете ән шырқап, көптің қошеметіне бөленді.

ҒАЛИЯ ТОҒЫСОВА – АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ КММ БАСШЫСЫ //Айта кетейік, Арал ауданы бойынша 500-ге жуық мүгедектігі бар бала болса, оның 368-і ерекше қамқорлықты қажет етеді.//

Шарада бауыр еті баласын бақытқа балаған ата-аналар алғысын білдірді.