Биыл облыс бойынша 7 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар 5646 баланы облыстан тыс орналасқан лагерьлерде тынықтыру жоспарда. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары баспасөз брифингінде жазғы мектептер мен білім ордасы жанынан ашылған күндізгі тынығу орындарындағы жағдайды баяндады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қала сыртында орналасқан 8 жазғы сауықтыру лагерлерінің жай-күйін бақылауға алған. Су айдындары мен жабық бассейндерден 24 су сынамасы және топырақтан 18 сынама іріктеліп алыныпты. Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша сынамалар гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді.
Дегенмен Сырдария және Жалағаш аудандарындағы лагерлердің бала қабылдау үшін арнайы рұқсаты алынбаған. Қазір бұл процесс электронды түрде іске асуда. Мамандар алдағы екі күнде тынығу орындары толықтай дайын болады деді. Жалпы маусым бойы су айдындары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілетін болады.