«Байқоңыр» ғарыш айлағында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының Бас директоры Юрий Борисовтың жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ бірлескен «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Жалпы Қазақстан үшін ғарыш саласының маңызы зор. Сондықтан Министрлік Қазақстанның аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға баса назар аударып келеді. Бұл мақсатта қазір «Байқоңыр» кешенінің туристік әлеуетін жақсартуға ерекше көңіл бөлуді көздеп отыр. Сондай-ақ Жаслан Мәдиев жаңадан құрылып жатқан «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің «Зенит» алаңында болды. Бұдан соң «Протон» ғарыштық зерттеу кешеніне барып, жердегі ғарыштық инфрақұрылым нысандарының ұшыру алдындағы жұмыстарын көрді.