Мемлекет басшысы наурызда өткен ұлттық құрылтайда кітапхана ісін жандандыруды тапсырған еді. Кітап оқитын ұлтқа айналуға сеп болатын іс-шаралар легі басталып та кетті. Солардың бірі - түнгі кітапхана жобасы. Енді қызылордалық оқырмандар үшін облыстық кітапхана түнгі 12-ге дейін ашық болады.

Облыстық кітапхананың тұрақты оқырманы Ардақ Мұхтарұлына бұған дейін өзіне керек кітаптарын алу біршама қиындық тудыратын. Жұмысы қат, уақыты тапшы оқырман кітапханаға келіп үлгермейтін. Түнгі кітапхананың іске қосылғанын естігенде ол қатты қуанғанын айтады. Енді сүйікті авторларының туындыларын асықпай, кітапханада отырып оқуға мүмкіндік туды дейді.

АРДАҚ МҰХТАРҰЛЫ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

/ Кітап оқығанды жақсы көремін. Студент кезден осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Студент кезде бос уақытымызда келіп оқып жүрдік. Қазір жұмысбасты болғаннан кейін кешкі алтыда кітапхана жабық болады. Үлгере алмай қаламыз. Ал қазір қуанып тұрмын. Кеше әлеуметтік желіден естідім. Жұмыстан кейін шығып кез келген уақытта келіп оқуға болады. Бұл оқырман санын көбейтеді деп те айта аламын. Өйткені бізде оқитын адамдар өте көп, жұмыстан шыққанша кітапхъана жабылып қалады. Ал енді түнгі 12-ге дейін келіп кітап оқуға немесе үйіне алып кетуге болады.

Балалар мерекесінде ұйымдастырушылар арнайы іс-шара өткізді. Ақын-жазушылар туындыларынан үзінді оқыды, ән мен жыр да айтылды. Кітап оқу мәдениетін көтеруге бұл бастама тың серпін береді дейді кітапхана әкімшілігі.

РАУШАН ЖҮСІПОВА – АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

/ Мен бүгін қатты қуана-қуана келдім. Осы кітапхананың ішінен талай реферат жазып, шығарма жазып, талай ақындардың шығармаларын оқып келгенмін. Жалпы, кітапхананың 12-ге дейіне ашық болуы керемет дүние. Жаңа ағаларымыз да айтып кетті. Үрдіске айналса екен деймін. Халыққа айтайын дегенім, кітап оқыса ми, көз, жүрек тазарады. Ойдағы жамандықты қашыратын осы кітап.

АЗАМАТ ӘУЕЗХАН – ТІЛШІ

/ Ұйықтар алдында кітап оқу – ұйқысыздықпен күресудің бірден бір жолы. Ол сананы тазартып ұйқыға дайындайды. Бүгінде көп адамның кітап оқуға мүмкіндігі жоқ. Бос уақыты бола қалса фильм тамашалайды немесе түн жарымға дейін әлецметтік желіде отыратыны тағы бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша түнде алынған ақпарат ұзақ мерзімді жадыға сақталады екен.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуға баулу керектігін алға тартты. Ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған абзалырақ. Өйткені қазір интернетті талғамсыз пайдаланатындар қатары көбейді. Ол өз кезегінде бала тәрбиесіне де теріс ықпалын тигізуде.

АЗАМАТ ӘУЕЗХАН – ТІЛШІ

/ Балаларға жатар алдында кітап оқып берудің маңызы зор. Ол ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты бекітіп, интеллектін дамытып, қиялын жұмыс істетеді. Сондай-ақ, ата-анасына қарап баланың да оқуға деген қызығушылығы артады. Ал, сіз, балаңызға кітап оқисыз ба?!