Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 26-шы сессиясы өтті. «Жасампаздық пен өрлеу жолындағы бірлік» тақырыбында өткен жиынға облыс әкімі төрағалық етіп, алға қойған мақсат-міндеттер айтылды.

Қазақстан халқы ассамблеясының өңірдегі мүшелері әркез жасампаз бастамалар мен игі істерге үлес қосып келеді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ, ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫ «Қазіргі кезде ассамблея қоғамның барлық салаларында белсенді жұмыс атқаруда. Отбасы институтын сақтау, мәдениетаралық байланысты нығайту, рухани адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу, жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің рөлін ерекше атап өтуге болады».

Биыл облыстық «Қазақстан корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі 35 жылдығын атап өтеді. Мерейтой аясында Корея мемлекетімен түрлі жобалар жүзеге асырылмақ. Мәселен, Сырдың бас шаһарында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт салу жоспарда бар.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ, ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫ «Корея Республикасының «Би Зу И» компаниясымыен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандуым аясында Қызылорда тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жаратып, сұрыптайтын және қайта өңдейтін зауыт салуды іске асыру жоспарлануда. Форум аясында 18 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.Өткен жылы Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетімен, білім және ғылым саласында тиімді өзгерістер орнатылып, ҚУ базасында жасанды интелллект және информатика жоғары сыныбы ашылған болатын. Бұл бағыттағы әріптестік жобалар өз жалғасын табатын болады».

ЮРИЙ КИМ - ОБЛЫСТЫҚ «ҚАЗАҚСТАН КОРЕЙЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /аударма/ «Жыл өткен сайын Қызылорда қаласы ажарланып, жұмыссыздардың қатары азайып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Қаламыз күннен-күнге көркейіп, әдемі орындар көбейіп жатыр. Аймағымызда әлі де көптеген жобалар жүзеге асатынына және мен корейлер қауымдастығының төрағасы ретінде қазақ елімен бірге үлкен істерді жасаймыз деп сенемін»

Ал ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары жыл сайын ауысып отырады. Бұл жолы барлық ұйым мүшелерінің дауысқа салуы нәтижесінде түрік этномәдени бірлестігінің белсендісі Дильфура Байрахтарова жауапты қызметке тағайындалды.

Сессия соңында Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуы мен этносаралық байланыстың нығаюына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хат табысталды.