Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде алдағы жылу беру маусымына дайындық жайы мен ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту шаралары талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Біздің облысқа тиесілі қандай жаңалықтар бар екен, тілшіміз тарқатсын...

Күндер өтіп, айлар жылжып ертең-ақ күз мезгілі есік қағады. Тұрғындар дірдек қағып, тоңбас үшін қыстың қамын жаз ойлау маңызды. Көңіл демдерлік дерек, жылу беру маусымына дайындыққа Үкімет барынша қолдау көрсетіп, сұратылған қаржы бөлінуде.

Қаржының алдыңғы легі келіп түсті. Сондықтан 1 қыркүйеккке дейін жылу-энергетика саласындағы жұмыстар жылдам жүруі тиіс. Нысандардың дайындық паспорттары алынуы керек. «Шешілмеген мәселе, түйінді тұстар бар ма?» деген әкімнің сұрағына барлық аудан әкімдері мен басқарма басшылары «мәселе жоқ» деп жауап берді. Аймақ басшысы алдағы жылу беру маусымында ешқандай проблема туындамауы тиіс екенін қатаң ескертті.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ БОЙЫНША ҮЗДІКТЕР САПЫНДА

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қызылорда облысы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енгенін атап өтті. Әрине, бұл көрсеткішке тоқмейілсуға болмайды. Халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы – әкімдердің жұмысына нақты баға беретін басты көрсеткіш. Қала және аудан әкімдері бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтылуын қадағалаңыздар. Өңірлік картадағы көрсеткіштер белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.