#qyzylordatv

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай Шиелі ауданында салтанатты кеш ұйымдастырылып, сала үздіктері марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ, кәсіби қырымен дараланған жас мамандардың ата-аналарына да құрмет көрсетілді.

 Мемлекеттік қызметкер – халық пен билік арасындағы сенімді дәнекер. Сондықтан бұл салада еңбек ету абыройлы әрі жауапты міндет. Ол үшін терең білім мен талғаусыз тәжірибе жеткіліксіз. Мемлекеттік қызметші ең алдымен моральдық-этикалық нормаларды берік ұстануы шарт. Жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков осы сенім үдесінен көрінуге талпынып жүрген барша сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

 Бүгінде Шиелі ауданында 40 мекемеде 250-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етіп келеді. Олардың қатары жыл сайын жас мамандармен толығуда. Әр ісіне ыждағатпен қарап, сенімге селкеу түсірмеу - билік дәлізіне аяқ басқан әрбір қызметкердің ұстанымы. Осы орайда мерекелік кеште тәжірибесі толысқан мамандармен қатар, ынтасы зор жастарға да құрмет көрсетілді. Жалпы салтанатты жиында 40-қа жуық мемлекеттік қызметші облыс және аудан әкімі мен мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының алғыс хатына ие болды.

 Осылай жас мамандардың адал еңбекпен марапат төрінен көрінуі ең алдымен үйдегі ата-ананың мерейі. Сондықтан салтанатты кеште сол жайдарлы жандарға да құрмет көрсетілді. Яғни, қызмет барысында кәсіби қырын байқатқан бірнеше мемлекеттік қызметшінің анасына аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

 Шиелілік мемлекеттік қызметшілер өздеріне жүктелген негізгі міндетті мүлтіксіз орындаумен қатар, қоғамдық бастамалардан да қалыс қалмайды. Мәселен, спорттық сайыстар мен Жайдарман ойындары осы аудан мамандарынсыз өткен емес. Тіпті көңілді қыз-жігіттер мазмұнды әзілдерімен республикалық додаларда өңір атынан сынға түсіп жүр. Бұл кеште де қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы әзілмен әдемі жеткізді. Сондай-ақ, өзге де мемлекеттік қызметшілер бойдағы буырқанған өнерлерін ортаға салуға мүмкіндік алды.