#qyzylordatv

«Евразия» спорт кешенінде белгілі журналист Сахитжан Бермағанбетовты еске алуға арналған турнир өтті. Дәстүрге айналған шағын футбол додасына БАҚ өкілдерінен құралған 6 команда қатысып, өзара шеберлік байқасты.

 От ауызды, өткір тілді Сахитжан Бермағанбетов Арал ауданының тумасы. 1982 жылы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Журналистикаға алғаш 2003 жылы қадам басты. Студент кезінен бастап қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасында редактор, жүргізуші, «Қазақстан Қызылорда» телеарнасында редактор қызметін атқарып, «Түйін» ақпаратты сараптау бағдарламасын тізгіндеді. Кейін, облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі болды. Сахитжан аз ғұмыр сүрсе де тілшілік тіршілік арқылы ел есінде мәңгілік сақталып қалды.

 ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Журналистер күнінің қарсаңында осындай турнир ұйымдастырып жатырмыз. Неізгі мақсат Сахитжанның есімін ұлықтау. Жас та болса артына өшпес із қалдырып кеткен азаматқа осылай құрметімізді білдіру//

 МЕРУЕРТ БАҚБЕРГЕНОВА – С. БЕРМАҒАНБЕТОВТЫҢ АНАСЫ //Менің Сахитжанымды еске алып өткізіп жатқан турнир құтты болсын, оң болсын. Қадамдарыңыз қарышты болсын, денсаулықтарыңыз мықты болсын//

Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі турнирге аймақ журналистерінен құралған 6 команда қатысты. Олар өзара екі топқа бөлініп, алдымен іріктеу кезеңінің ойындары өтті. Топтан үздік шыққан төрт ұжым бірден жартылай финалда бақ сынасты. Плей-оффтағы кездесулер жарыстың көрігін кіргізіп, күтпеген нәтижелер тіркелді. «Қоғам ТВ» командасы облыстық қоғамдық даму басқармасынан басым түссе, «Қызылорда» телеарнасының ұжымы былтырғы чемпиондар «Меншікті тілшілерді» пенальти сериясында қапы қалдырды.

 Ал, жүлделі үшінші орын үшін облыстық қоғамдық даму басқармасының командасы меншікті тілшілермен талас жүргізді. Бұл ойында меншікті тілшілердің жолы болып, қолаға қол жеткізсе, финалда алғаш рет аймақтың қос арнасы кездесті. Бағы мен бабы қатар шапқан «Қоғам ТВ» командасы пенальтиден жеңіске жетіп, Сахитжан Бермағанбетов атындағы турнирдің чемпионы атанды.

 ЕРЖАН БАТЫРШАЕВ – «ҚОҒАМ ТВ» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ //2025 жыл сенсация жылы болып жатыр. Қоғам тв ұжымы 26 жылда бірінші рет чемпиондықты алып тұрмыз. Тарихи сәт болып жатыр. Командаға рахмет, оңай ойын болған жоқ. Барлықтарыңызды спортпен шұғылдануға шақырамын//

Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнайы кубок, медалдар мен қаржылай сыйақылар табысталды.