#qyzylordatv
Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Сала мамандарының кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Қазір мемлекеттік қызметшіге қойылған жауапкершілік жүгі ауыр. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Осы маңызды міндетті аймақта үш мыңнан аса маман абыроймен атқарып жүр. Олардың 45 пайызы - әйелдер. Кәсіби білігі жоғары, бәсекеге қабілетті, заманға сай жаңаша ойлайтын жастарға әрдайым орын бар. Бүгінде 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жас мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Ерекше атап өтетін жайт, соңғы жылдары аймақтағы мемлекеттік басқару корпусының әлеуеті артып, қызметкерлердің кәсіби білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 24 мемлекеттік қызметші білім алса, 4 жас маман «Болашақ» бағдарламасының түлегі атанды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі өңірді өркендету жолында жемісті жұмыс атқарып жатқан мәртебелі мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ // Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары. Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін! Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.
Мерекелік жиында сала ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталды. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтарға Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Салтанатты жиында жас мемлекеттік қызметшілер Ант қабылдады.
ГҮЛНАР БАЙМАХАНОВА - ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ / біздің бөлім бюджетті жоспарлайды және оны игереді. Бюджетті жоспарлаған кезде халықтың ұсынысына байланысты, сонымен қатар қай жерде қандай проблема бар соны шешуге байланысты жұмыс жасаймыз. Сол бөлінген ақшаға соның нәтижесін көріп жатсақ, халықтың игілігіне беріліп жатса сол нәрсенің бәрі ол кезде өзіміз де жұмысымызға қуанышты болып отырамыз.
ЖАНЕРКЕ ҚҰРМАШ – ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ /// 2020 жылы 11 тамызда мем.қызметке қадам бастым. Облыс әкімі аппаратында бастау алды. / жауапкершілік күшейе түсті. Бізді алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің жұмысына қарап, тәжірибе алып жатырмыз. Әр қарай аянбай үлесімізді қосуға, еңбек етуге дайынбыз.