#qyzylordatv
Қазалы ауданында Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген сала қызметкерлері марапатталып, құрмет төрінен көрінді.
Білім мен біліктілік, адалдық пен ашықтық, жауапкершілік пен жариялылық. Міне, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын басты талап бұл. Бүгінде ауданда осы үдеден шығып, халық алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген 160-тан астам мемлекеттік қызметші бар. Олардың басым бөлігі ер азаматтар. Жиында сөз алған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ, АУДАН ӘКІМІ \ Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені және Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде....\
Иә, қазыналы Қазалы өңірі соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көркейту, көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, демалыс орындары мен орталық алаң абаттандырылды. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы ел үшін еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер мен құрылыс саласы мамандарының бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі.
Салтанатты шарада елдің дамуы жолында еселі еңбек етіп жүрген үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Олардың қатарында Ғани Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл бар. Отыз жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман «Қызмет» салалық кәсіподағының
«Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен наградталды.
Мерекелік кеште қоғам қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын сақтап жүрген тәртіп сақшылары да құрметке бөленді. Бүгінде ауданда жүзден астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жүйелі жұмысының арқасында ауданда қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайған.
МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ, АУДАН ӘКІМІ \Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 72 бейнебақылау камерасы орнатылды. Аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау камералары арқылы түрлі құқықбұзушылықтарды анықтайтын арнайы кіші Жедел басқару орталығы ашылды ...\
Күндіз түні уақытпен санаспай, жауапты міндетін абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне елдің алғысы шексіз.
«Басты міндет – елге қызмет!» деген ұранды ұстаған қос саланың мамандары осылайша марапат мінберінен көрінді. Мерекелік шарада аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, марапат иелеріне ерекше көңіл-күй сыйлады.