Расымен бұл - тарихы терең телеарнаның айтулы жүлдесінің бірі. Байыбына бойласақ, телевизия - синтездік өнер. Бір хабардың бойында тұтас ұжымның еңбегі жатыр. Сондықтан, ұлттық бәйгенің бағасын түсінген қауым Елорда төрінен олжалы оралған әріптестерімізді ыстық ықыласпен күтіп алды. Үлгілі ұжым қуанышын Елжас Әбділда сабақтайды.

ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ // Қазір сағат түнгі 12-ден ауды. Бәсі жоғары бәйгеден олжалы болған әріптестерімізді әуежайда тосып тұрмыз. Ұшақ сәл кешеуілдеп келеді. Дегенмен телеарна тарихында көптен күткен марапатты жеті түнде күтуге дайынбыз. Себебі, бұл біздің ұжымның ғана емес, тұтас Сыр өңірінің жеңісі!/

Әрине, беймезгіл уақыт, елдің көбі тәтті ұйқыға кеткен. Бірақ біздің ұжымның көңілі сергек. Алқызыл гүлді дайындап, жеңімпаздарымыз қашан келеді екен, деп уайымдап тұрмыз. Өнерпаздар да аспаптарының құлақ күйін келтіріп әуре.

Сонымен көптен күткен жүлде де жетті. Әуежай залы бір сәтте жадырап сала берді. Қуантарлығы, былайғы жұрт та қуанышқа ортақ екендерін көрсетті.

Биыл «Тұмар» бәйгесіне 300-ден аса өтінім келіп түскен. Оның 48-і үміткерлер қатарына енді. Бірақ, 48 үміткердің тек 12-і ғана жеңімпаз атанды. Айта кетерлігі, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы байқаудың 3 бірдей жүлдесін жеңіп алып отыр. Соның ішінде өңірлік арналар арасында тек «Қызылорда» телеарнасы үздіктермен үзеңгі қағыстырды.

НҰРБЕК ӘМИША – «QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ // Қазылар алқасында мықты-мықты осы телевизия саласындағы белді мамандар анықтаған. Соған лайық болғанымыз біз үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Осы 33 жылдық тарихы бар телеарнамызда қызмет еткен кісілердің еңбегі деп есептейміз. Төккен тердің ешқайда кетпегені, апай, ағайларымыздың және қазір еңбек етіп жатқан барлық әріптестеріміздің ортақ жеңісі деп қабылдаймыз. Үлкен жауапкершілік жүктейді, біздің әрі қарай өсуімізге, жаңа тың бағдарламадар жасауымызға шабыт береді/

Бәсі жоғары бәйгеде көрерменге биыл жол тартқан «Құдайы қонақ» хабары жеңімпаз атанды. Ақтық сында «Құдайы қонақпен» Түркістан телеарнасының «Асар», «Жібек Жолы» арнасының «Ана болғым келеді» және 31 арнаның 50-де 50 хабары бәйгеге түсті. Қазылар алқасының ұйғарымымен біздің арнаның мазмұнды жобасы ең үздік, деп танылып отыр. Шыны керек, қазақ қашан да қонағын құдайындай сыйлаған халық. Алыстан келген мейманына қорадағы соңғы малын атап, сыпайылықтың берік үгісін көрсеткен. «Құдайы қонақ» хабары сол жайдары жұрттың жұқанасы жұқармасын, деген ниеттен туған жоба. Көңіл көзінің туралығынан болса керек, аталмыш хабар эфирге жол тартқан сәттен-ақ, дүйім елдің оң бағасын алды. Тіпті, «Құдайы қонақ» біздің ауылға келсе екен деп, қолқалайтын қауым көбейген. Сондықтан жаңашыл жоба жалғасты болмақ.

ДӘУЛЕТХАН АҚАЙДАРОВ – «ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ» ХАБАРЫНЫҢ ЖҮРГІЗУШІСІ // Осы уақытқа дейін біз 20-дан астам ауылды аралап үлгердік, әлі де аралаймыз. Өңірімізде 200-ден аса ауыл бар. Соның барлығын аралауға тырысамыз. Әсіресе, адам көп бармаған, шалғай жатқан ауылдарға барып біз қуантқымыз келеді. Өйткені, бізде болды шалғай жатқан елді мекендерге барсақ, бізге де телеарна келеді екен ғой деп қуанышын білдірді. Міне, біздің мақсат осы!/

Аймақтың басты арнасы мұнымен тоқтамақ емес. Бұл үлкен жетістіктердің бастауы ғана. Жаңа маусымда ұлттық құндылық пен мәдени өрені дәріптейтін тағы бірнеше хабар көзі қарақты көрерменге жол тартпақ.