#qyzylordatv
Биыл ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Осыған орай облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен хәкім мұрасын насихаттауға арналған шығармашылық байқау болды. Сырбойылық тәртіп сақшылары қатысқан әдеби сайыс турасында тілшіміз сабақтайды.
Мейіржан Жандарбеков темірдей тәртіпті ту еткен салада 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол Жаңақорған аудандық полиция бөлімінде қоғам қауіпсіздігін қамдап жүр. Мұнымен қоса, шығармашылық қабілетін де қалтарыста қалдырмаған. Сала қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын танымдық кештер Мейіржансыз өткен емес. Бұл жолы кейіпкеріміз хәкім мұрасын дәріптеген байқауды арнау өлеңімен бастап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы теңіздей терең. Қай сала мамандары болмасын өмірлік өнеге алары анық. Сондықтан бұл байқауға өңірдегі барлық полиция құрылымдарының қызметкерлері қатыстырылып отыр. Әсіресе, әр ауданнан келген тәртіп сақшыларының белсенділігі жоғары. Сайысқа қатысушы командалар алдымен Абай Құнанбайұлының тәлімді туындыларын жатқа оқыса, екінші кезеңде ұлы ойшылдың сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста шырқады.
Расымен темірдей тәртіпті ту ету үшін рухани өре ауадай қажет. Осы орайда жас полицейлерді кемелдік кілті кітапқа қызықтыру үшін осындай шараларды жиі өткізу көзделіп отыр. Ақтық кезеңде қатысушылар хәкім мұрасының қайнары қара сөздерінен үзінділер оқыды. Ал олардың тәлім сөзді түйсініп жеткізуі мен сахналық қойылымдары білікті мамандардың бақылауында болды.
Байқау қорытындысы бойынша Жалағаш аудандық полиция бөлімінің мамандары үздік атанды. Ал жүлделі бірінші орын қалалық полиция басқармасының қызметкерлеріне бұйырса, үздік үштікті сырдариялық тәртіп сақшылары еншіледі. Айта кетерлігі, полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы тағылымды бастама енді еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ. Яғни, сырбойылық тәртіп сақшылары аталмыш челленджді Павлодар облыстық полиция департаментінің мамандарына жолдады.