#qyzylordatv #заңментәртіп

Президент пәрмен берген әділетті қоғам құру үшін Заңдар орындалуы керек, әрбір азамат өзінің құқымен қатар, міндеттемелерін орындауы керек, қылмысқа төзбей, дер кезінде тоқтату керек. Осы керектерді іске асыру бағытындағы әрекет алгоритмі «Заң және тәртіп» қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен өзара іс-қимылдың басымдықтары» атты форумда пысықталды.

Ашығын айту керек, заң мен тәртіптің салтанат құруы оңай іс емес. Ол үшін күш құрылымдарының пәрменді профилактикасынан бөлек, әрбір адамның саналылығы басым роль ойнайды. Биыл Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітілді. Енді осы ретте облыс басшылығы тарапынан қандай тірліктер атқарылып жатқанынан хабардар етсек.

 Жүйелі жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Статистикалық ақпаратты салыстырмалы түрде қарасақ, аймақта 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелген болса, бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайыпты, яғни құқықбұзушылық көрсеткіші едәуір қысқарған. Қылмыстың үлкен-кішісі жоқ. Қылмыстың аты қылмыс. Сондықтан мейлі ол майда бұзақылық болсын, мейлі ол топтық төбелес болсын, тоқтам болуы тиіс. Төбелес демекші, түн пердесін түргенде у-шу шығатын кафелер де жоқ емес.

Бүгінде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық саны бойынша Қызылорда облысы республикадағы ең төменгі позицияда, яғни 20 өңірдің ішінде 19-шы орында. Бұл тұрғыда басты міндет – тек көрсеткішті ғана емес, құқық бұзушылықты тұрақты түрде төмендету дейді спикерлер. Осы ретте айта кету керек, Қызылорда облысы аймақтар арасында арт спорт бойынша да, білім саласындағы есеп-қисап жүйесі бойынша да түбегейлі тексеріс жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтап, тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кеткен қаржыны қазынаға қайта құйды. Және ол сома анау-мынау емес, 20 млрдтан астам, мұндай мысалды басқа өңірден әзірге көрмедік дейді депутаттар.

 Жиынға қатысқан белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өз кезегінде жаңадан қабылданып жатқан Заңдар туралы ақпарат беріп өтті. Оның ішінде қыз алып қашу бойынша баптың жауапкершілігі күшейгенін, яғни Қылмыстық кодекске жаңадан өзгерістер енгенін алға тарты. Бұл бойдақ жігіттерге құлаққағыс болуы тиіс.

 Қоғамда қылмыстың түрі көп. Смартфон көмегімен жасалатын алаяқтық, кибершабуыл схемалары сәт сайын өзгеріп жаңаруда. Қаржы пирамидалары, лудомания, интернет буллинг азаматтарды қиын жағдайда қалдыруда. Алдап-арбау азаймай тұр. Ал, атам қазақ ықылымнан өз ұрпағын адал болсын деп көксеген емес пе еді? Тұсаукесердің өзінде ала жіпті аттамасын деп бөбектің алғашқы қадамына бата берген емес пе еді? Ал, қазір ше?

Жиында құқықбұзушылықтың алдын алуда ерекше белсенділік танытып, киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттің жолын кесуге үлес қосқан бір топ маманға облыс әкімінің сыйлық сертификаттары мен облыс прокурорының алғыс хаты табысталды. Президент айтқандай, әрбір іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Сонда ғана немқұрайлықты, жамандықты, құқбұзушылықты жеңеміз. Бұл енді аксиома.