Облыс аумағында жыл басынан бері 9 мектеп мұғалімі мен 11 балабақша тәрбиешісінің жалған дипломмен жұмыс істеу дерегі тіркелді.

Бұл заңсыздық Байқоңыр қаласы мен Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында орын алған. Бұдан бөлек, қала мектептерінде 50-ден аса мұғалім конкурссыз негізде қабылданған. Ең сорақысы, мамандығы сәйкес келмейтіндер де ұстаздық еткен. Тексеру нәтижесінде 56 қадағалау актісі енгізіліп, 1100 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Жалпы соңғы жылдары білім саласында заңбұзушылық фактілері жиілеген дейді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

РИЗАБЕК ОЖАРОВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ

«биыл білім беру ұйымдарының қызметіне тексерулер жүргізілуде. Жекелеген мектептерде балаларға берілетін тағам мөлшері талапқа сәйкес келмейтіні, оқушыларға мерзімі өтіп кеткен өнімдер берілгені балалар міндетті профилактикалық қарап-тексеруден өтпегені анықталып отыр. Байқоңыр қаласы, Қазалы, Қармақшы аудандарының мектептерінде жалған дипломмен 9 педагогтың және Сырдария ауданының балабақшаларында жалған дипломмен 11 тәрбиешінің жұмыс жасау фактілері анықталды. Бұл материалдардың барлығы тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына жіберілді. Қазіргі таңда іс қаралу үстінде».