Қазақстанның логистикасы жаңа деңгейге көтеріледі. Транскаспий дәлізі арқылы Қытай Еуропаға жүк тасымалдайды. Әрі, есірткі мен терроризмге қарсы күрес шараларына енді, әлемнің он елі теңдей үлес қоспақ. Бұл игі бастамаларға еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде қабылданған маңызды құжаттардың арқасында қол жеткізіп отыр. Стратегиялық шешімдер туралы тілші бейнематериалында.

ЖАНДОС ТЕМІРҒАЛИ – ТІЛШІ: Саммитте мемлекет басшылары 25 маңызды құжатқа қол қойды. Экономика, экология, білім, қауіпсіздік, денсаулық саласы басты назарда. Қабылданған Астана декларациясы - әлемдегі геосаяси түйткілдердің тамырын дөп басты, шешімін де нақты айқындап берді.

БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ - ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ, САЯСАТТАНУШЫ - Ал, тұрақтылық, қауіпсіздік саласында қабылданған шешімдер бұлар мемлекетімізге қауіп төндіретін түрлі қақтығыстардың алдын алу. Яғни осы ұйымға мүше мемлекеттер бірлесе жұмыс істей отырып, шекаралық аймақтағы, мемлекеттің ішіндегі, географиялық еуразиялық өңірдегі тұрақтылықты қамтамассыз етеді.

ЭКОНОМИКА МЕН ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ҚАТЫСТЫ ҚҰЖАТ БЕКІДІ

ЖАНДОС ТЕМІРҒАЛИ – ТІЛШІ: Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша алдағы 3 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасы бекіді. Демек, әлемнің 3 млрдқа жуық халқын біріктірген ұйым аумағында, жан-жақты қауіпсіздік күшейтіледі. Экономика мен энергетика саласын дамытуға қатысты да стратегиялық құжат қабылданды. Ол 2030 жылға дейін күшін жоймайды.

ОЛЖАС БЕЙСЕНБАЕВ - ШЫҒЫСТАНУШЫ - Ерекше көңіл аударатынынымыз көлік-транзит, логистика саласындағы, оның ішінде біз Транскаспий көлік дәлізіне ерекше мән беріп отырмыз. Сондықтан бұл Қазақстанның әлі де Қытайдың белдеумен жол бастамасында, Транскаспий дәлізінде күретамыр болып қала беретінін, оның өзектілігі түспейтінін керісінше арта беретінін көрсетеді.

ШЫҰ МҮШЕ ЕЛДЕР ЕСІРТКІМЕН КҮРЕСТЕ КҮШ БІРІКТІРЕДІ

ЖАНДОС ТЕМІРҒАЛИ – ТІЛШІ: Маңызды құжатта 2035 жылға дейін жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтуға басымдық берілген. Бұдан бөлек, заңсыз көші-қон және есірткіге қарсы күрес сияқты кешенді мәселелер де, қамтылған. Ұйымға мүше 10 мемлекет енді, әлем дертіне айналған есірткімен бірігіп күреспек.

БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ - ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ, САЯСАТТАНУШЫ - Есірткіге қарсы күрес туралы 2027 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Оның өзі де сол шекарадан түрлі контрабанданың өтуіне не болмаса басқа бір есірткіге тосқауыл қоюға оң ықпал етеді деген сөз. Бұл сол мемлекеттерде өмір сүріп жатқан жастардың, халықтың, денсаулығына салауатты өмір сүруіне ықпал ететін факторлердің бірі.

ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ

ЖАНДОС ТЕМІРҒАЛИ – ТІЛШІ: Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 30 пайызға жуығы осы ШЫҰ-на мүше елдердің еншісінде. Қаржы айналымы 8 трлн долларға жеткен. Енді, инвесторлар қауымдастығы жұмысын күшейтеді. Мемлекет басшылары экономика саласында бірнеше құжатты бекітті. Ол елемізге түсетін пайданы еселеп, экономиканы қайта түлетеді.