#qyzylordatv

 Республика күніне орай қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауда мінсіз қызметімен көзге түскен сақшыларға құрмет көрсетілді.

Ішкі істер саласы қызметкерлерінің жауапкершілік жүгі ауыр. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау үшін мыңға жуық маман жұмыла жұмыс істейді. Сала өкілдері күнделікті түрлі түйткілді мәселелермен бетпе-бет келеді. Дегенмен, қырағы қызметкерлердің жүйелі жұмысының нәтижесінде қоғамға қауіп төндірген қаскөйлердің әрекеттері дер кезінде ауыздықталып келеді. Міне, қоғам тыныштығын сақтап, ұлтты ұйыстырып жүрген мамандарды облыстық полиция департаментінің бастығы мерекемен құттықтады.

 Иә, құзырлы орган еліміздің ішкі қалқаны болып саналады. Сондықтан, әрбір полиция қызметкеріне үлкен сенім мен міндет жүктелген. Мерейлі мезетте міндетін мінсіз орындап жүрген мамандар марапатталды. Сыр сақшыларына Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі мен алғыс хат табысталды.

 Болатбек Төребекұлы ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция полковнигі шенін алды. Салада 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол қазіргі таңда күдіктілер мен заңсыз қаруды арнайы жүйеге тіркейді. Яғни, қылмыс жасаған азаматтарды сол арқылы анықтап, олардың шетел асып кетпеуінің алдын алады.

 Ал, Ғабит Мұхиддинұлына полиция подполковнигі шені табысталды. Ол қоғам тыныштығы мен қала аумағындағы жол қауіпсіздігіне жауапты.

 Марапаттау рәсімінен соң ардагерлер мен полиция қызметкерлерінің құрметіне Сыр өнерпаздары әннен шашу шашты. Сақшылар да сахнанын сәнін келтіріп, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.