#qyzylordatv

Ол екеуі де жерлесіміз. Ол екеуі де жазушы. Ол екеуі де теңдессіз туындылар жазып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырды. Қос сөз зергері Тынымбай Нұрмағамбетов - 80, Қуандық Түменбай 70 жасқа толып отыр. Жазушыларды бүгін облыс әкімі арнайы қабылдап, құрмет көрсетті

 Тынымбай Нұрмағамбетов пен Қуандық Түменбай адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген суреткерлер. Бірнеше буын ұрпақтың жазушылар туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаламгерлерді мерейлі жасымен құттықтады. Ұлт әдебиеті мен мәдениетін дамыту, қоғамдық сананы кемелдендіру, жас ұрпақтың бойына ізгілік пен отаншылдық сезімін сіңіру жолындағы еселі еңбектері үшін алғыс айтты. Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

 Зиялы қауым өкілдері өз тарапынан қос жазушының қаламынан көптеген очерктер мен мақалалар, әңгімелер мен повестер, романдар дүниеге келгенін, осының баршасы қазақ әдебиетіне қосылған зор үлес екендігін алға тартты. Және ең бастысы, бұл екі жазушының туындылары оқылды, зердеге тоқылды, тіпті басқа тілдерге де аударылды. Жазушы үшін бұл үлкен бақыт.

 Зерделеген кісі біледі, қос жазушының қаламынан шыққан туындыларға заманның үні, адамдардың жан дүниесі мен асыл қасиеттері арқау болды. Мұның бәрі өз кезегінде ұлттың бет түзейтін рухани мұнарасына айналды. Сөз зергерлері Тынымбай Нұрмағамбетов пен Қуандық Түменбай жерлестері тарапынан көрсетілген құрмет пен ілтипатқа ризашылығын білдірді. Ықылымнан келе жатқан бір аксиома бар, «интеллигенция – жалпы ұлттық құндылықтар жасаудағы ең басты күш» деген, бұл қағидат өз мәнін ешқашан жоймайтын ақиқат екені даусыз.