#qyzylordatv

Республика күні – елдің бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыратын, халқымыздың рухын көтеріп, ұлттық құндылықты ұлықтайтын ұлтық мереке. Ел тарихындағы елеулі күнді Сыр жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты жиында аймақтың дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері мен түрлі сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды.

Биыл ел егемендігін айқындаған алғашқы құқықтық әрі саяси құжат – мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл. Бұл маңызды құжат елдігіміздің берік тұғырына айналды, ел егемендігін алып, бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Азаттықтың ақ таңы атқалы елімізде, соның ішінде Сыр өңірінде өрелі істер мен жарқын жобалар жүзеге асуда. Қызылорда облысы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарда. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылды. Құрылыс, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы қай салада болмасын байыпты бастамалар жүзеге асып жатыр. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \2022 жылдан бастап халыққа қажетті 200-ге жуық әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындарымыздың игілігіне берілді. 2022-2025 жылдары 1 600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 144 млрд. 775 млн. теңге бөлінді. Биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді. Қызылорда қаласында 270 көше қайта жаңғыртылды. Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес, биыл барлық елді-мекендер 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 83 пайызға жетті.2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға

5 мыңнан аса пәтер табысталды\

Республика күніне арналған жиында Президент жарлығымен елге сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

 Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Асылбек Жұмабаев, Қазақстанның құрметті құрылысшылары Әбдімәжит Жансақалов, Бердібек Мыханов және Темірхан Әлімқұлов секілді азаматтарға «Парасат» ордені табысталды.

 Салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аймақтың мәдени-рухани саласына үлес қосқан қарымды қаламгер Орынбасар Әлжік «Құрмет» орденімен наградталды.

 Марапаттар легі мұнымен толастаған жоқ. Аймақтың әлеуметтік экономикалық, мәдени-рухани дамуына айрықша еңбек сіңірген түрлі сала қызметкерлі де құрмет төрінен көрінді.

 Мерекелік шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың да мерейі үстем болды. Аймақтағы 85 мыңнан астам ардагердің басын біріктіріп, Сыр өңірінің тату тірлігі мен береке бірлігінің үлгісін көрсетіп жүрген Серік Әбішұлы «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Кеш жергіліктік өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.