Ұсталған азаматтардың үшеуі де еуропалық. Олар ғарыш айлағындағы монтаждау-жанармай құю кешеніне кірген. Фото-бейне түсіріп жүрген жерінен оларды ғарыш айлағының аумағын күзететін ресейлік полиция қызметкерлері байқаған. Тексеру барысында ғарыш айлағына кіруге рұқсат құжаттары жоқ екені анықталды. Тәртіп сақшылары еуропалықтардың ғарыш айлағына қалай, қайдан және қандай мақсатпен кіргеніне тексеріс жүргізді. Алайда ол туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Бізге белгілі болғандай, олардың екеуі Нидерланд және біреуі Бельгия азаматы. Жас шамасы 25 пен 29 жас аралығында. Қазақстанға тікұшақпен келген. Бірі туризм мақсатында , екеуі жеке мақсатпен деп көрсеткен. Дегенмен қорғалатын объектіге өз еркімен кіргені үшін әкімшілік қамаққа алынып, міне күні бүгін босатылды. Естеріңізге салайық, осыдан шамамен бір ай бұрын француз турисі Байқоңыр алаңына аптап ыстықта жаяу баруға тырысып, қайтыс болған еді. Жалпы, Байқоңырға кіріп-шығудың өзіндік тәртібі бар. Сондықтан оны елемегендер жауапкершілікке тартылатыны белгілі.