Отбасы – бақыт мекені
#qyzylordatv
Облыс орталығында отбасы күніне орай жанұя бақытын дәріптеген тағылымды шара ұйымдастырылды. Жиынға аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, гауһар тойға дейін жеткен өнегелі жұптар мен енді отау құрған жас шаңырақ иелерімен жүздесті.
Шыны керек, қазір құндылықтар сәт сайын құбылып жатыр. Соның ішінде ұлттық бояумен мыңжылдықтар қайнарында қайнаған отбасы құндылығына сына қаққысы келетіндер аз емес. Міне осы батыстан соққан желіккен желге сәл болса да ықтырма болсын деп, «Отбасы күні» 12 жылдан бері тойланып келеді. Мұндағы мақсат – қазақы дәстүрден қол үзбеген жанұя жарасымын дәріптеу.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Жаңа Конституциямызда мемлекет берік отбасы институтын қалыптастыруға және ұрпақ тәрбиесіне қолайлы орта құруға басымдық беретіні нақтыланған. Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мақтауға лайықтысыздар. Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмір өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін
Бүгінде өңірде 141 мыңнан астам отбасы тұрады. Соның 49 мыңға жуығы көпбалалы жанұя. Олардың қатарында шаңырақ көтергендеріне жарты ғасырдан асқан қазыналы жұптар жетерлік. Отбасы күніне арналған мерекелік кеште сол күміс, алтын, гауһар той иелерімен қоса, үлкен өмірге енді қадам басқан жас жанұяларға да құрмет көрсетілді. Бір сөзбен бұл ұрпақ сабақтастығының берік үлгісі көрініс тапқан алаң.
СҰЛТАНБЕК МЫРЗАБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біз алғаш отбасы құрған кезде көптеген қуанышты да, қиын сәттерді де бірге бастан өткердік. Өткен 50 жылда сабырдың, түсіністік пен сыйластықтың арқасында отбасымыздың алтын іргетасын сақтап қалдық. Қазір 5 бала тәрбиелеп, 15 немере 2 шөбере сүйіп отырмыз
Бұл жарасымды жұптың өмір тарихы студенттік шақтан басталыпты. Сырдың сырбаз жігіті арыстық аруға бірден көзі түскен. Осылайша лаулаған сезім сыйластықпен ұштасып, топтастар тағдыр тоғыстырған жарасымды жанұяға айналды.
ОРАЗКҮЛ ТҮКІБАЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мен сынып бақылаушысы болдым, ал ол маған есеп беретін студент болды. Оның әдемі қолжазбасы бар еді. Ол әлі де істейді. Мен тексеруші болғандықтан түрлі құжаттарды жазуыма тура келді...
Бұл махаббат дастаны жарасыммен жазылған жұптар. Олардың өмірлік жолы енді отау құрған жастарға өнеге мектебі болары анық. Мәселен, Нұрбол мен Жансаяның үлкен өмірге қадам басқандарына бір-ақ ай болыпты. Сезімді сеніммен ұштауды көздеген жандар аға буынның ақылын тыңдап, үлгілі отбасы болуға уағдаласты.
Отбасы – қоғам діңгегі. Әрбір шаңырақтың берекесі бекем болса, ел ертеңі жарқын. Сондықтан, отбасы институтын қалыптастыру қағидаларын бір күнге байламай, осылай тағылым таралғысын тарата берудің маңызы зор.