«Гауһар той» иелеріне құрмет көрсетілді
#qyzylordatv
Отбасы күні қарсаңында 60 жыл бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен жұптарға құрмет көрсетілді. Жылдар бойы сенімге сызат түсірмей, мәуелі бәйтеректей тамыр жайған отбасыларға облыс әкімінің атынан марапат табысталды.
Адалдық пен сенім, мейірімге толы отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылық әрі ең басты қолдаушысы. Салтанатты шарада бір шаңырақ астында 60 жыл бойы ғибратты ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар құрмет төрінен көрінді.
МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Берік отбасы, іргесі мықты отбасы – қуатты мемлекеттің тірегі. 1 шілдеден бастап енгізілген Конституцияның өзінде отбасы құндылықтарына байланысты мәселелер айтылған. Әр отбасы шағын мемлекет деп айтамыз. Сондықтан әр отбасы мемлекетімізде мықты болатын болса, мемлекет мықты болады. Сондықтан кез келген ер азамат, сол отбасының мүшелері отбасының тату-тәтті, жақсы тәрбие беріп балаларына, ұл-қыз өсіріп, басқа отбасыларға үлгі болып. Сондай отбасыларды насихаттауымыз керек.
Биыл гауһар тойға жеткен отбасыларды облыстық ардагерлер ұйымы мен облыстық әйелдер кеңесі құттықтады. Отағасына шапан жауып, отанасына қамзол сыйға тартты. Аймақтағы өнегелі шаңырақтың бірі – денсаулық саласында талай жыл қызмет атқарған Әлайдар Абдуаитовтің отбасы.
ӘЛАЙДАР АБДУАИТОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Отбасы деген – кіші мемлекет. Отбасынсыз ештеңе болмайды. Жастар біздің жасымызға жете берсін! Қазір 85 келдік. Мына кісі 83-те. 19 немере, 9 шөберем бар. Балдардың жамандығын көрмей, қызығын көрсек деген ойымыз бар//
СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Мемлекет басшысының жарлығымен қаркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні мерекелер тізіміне енген болатын. Содан бері өңірде Отбасы күні атап өтілуде. Бүгін міне облыстық әйелдер кеңесі мен облыстық ардагерлер ұйымы бірлесіп, гауһар той иелерін шақырып, кейінгі ұрпаққа олардың өнегелі өмір жолы үлгі болсын деген мақсатпен жастарды жинап, марапаттап жатқан жайымыз бар. Әрине, мақсат марапаттауда емес, мақсат – қалай олар өмір сүрді, қандай қиындықтан өтсе де бір-бірін тастамады, отбасы бұзылмады, кейінгі ұрпаққа берер тәрбиесі бар деп ойлаймын.
Алпыс жыл ішінде талай белесті бағындырып, бірге ұл-қыз тәрбиелеген жұптар облыс орталығы, Шиелі және Жалағаш аудандарынан келіпті. Олардың татулық пен мейірім, сыйластық пен сенімге негізделген өмір жолы көпке үлгі.