Өңірге жұмыс сапарымен келген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұнан соң облыс орталығындағы бірқатар медициналық нысанның жұмысымен танысты.

Еліміздің бас дәрігері алдымен облыстық онкология орталығына барды. Қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға жайлы жай, тұрақты күтім ауадай қажет. Өңірдегі жалғыз онкология орталығының дәрігерлері 22 жыл бойы облыстық медицина орталығының ғимаратында жұмыс істеп келді. Дегенмен былтыр бұл құрылым Талсуаттағы модульдік үлгіде салынған ғимаратқа көшіріліп, емделушілердің де, мамандардың да көптен бергі тілеуі орындалды. Ақмарал Шәріпбайқызы нысан жұмысымен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты.

     Мұнан соң министр қалалық орталық емханаға аялдап, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын бағдарлады. Мұнда облыс орталығындағы 30 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіледі. Нысан соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Сондықтан осында тіркелген жұртшылық ризашылығын білдірді.