«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына аралдықтар айрықша үлес қосуда. Аудан орталығында «Аманат» партиясының мүшелері айналаны қоқыстан тазартып, белсенділік танытты.

Жасыратыны жоқ, Аралдың желі мен ыстық лебі тірлікке қолбайлау болады. Бірақ, бастауыш партия өкілдері бастаған белсенді топқа күн-райының қолайсыздығы кедергі болмады. Экоакцияға ұйымшылдықпен үн қосқан қаладағы 30-дан аса мекеме қызметкерлері мен аудандық мәслихат депутаттары игі іске білек сыбана кірісті. Тазалық жұмысы қаланың кіре берісіндегі Айдарбек батыр ескерткішінің маңынан басталды.

ТАЛҒАТ ҚАНАТОВ – «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫ АРАЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ

//Қаланы таза ұстайық деген мақсатта аманаттықтар барлығымыз бірлесіп осы шараға қатысып жатырмыз. Бізде республика бойынша осындай акция жариялағаннан кейін қазір өңірдің барлық жерінде, аралдықтар ғана емес барлық әріптестеріміз аптасына шығып тұрамыз. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес сенбі сайын да шығып тұрамыз//

ИНДИРА ЖҰМАШЕВА – АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ

//Өзіміздің тұрған жеріміз әрдайым таза болуы керек қой. Сондықтан, атсалысып жатырмыз. Көбірек ұйымдастырылып тұрса осындай шаралар сонда ауамыз да, табиғатымыз да таза болады деп есептеймін//

Жалпыхалықтық сипатқа ие болған науқаннан аудан жастары да тыс қалмады. Олар көппен бірге көше бойын қоқыстан тазартуға атсалысты. Қураған шөп пен тұрмыстық қалдықтарды қап-қапқа сорттап жинап, арнайы техникаға тиеуге көмектесті.

ШЫНБОЛАТ ҚҰРМАНАЛИЕВ – АУДАН ТҰРҒЫНЫ

//Жастар қашан да белсенді. Қаламыздың, өңіріміздің тазалығы үшін барлығымыз қолдан келгенше еңбек етіп жүрмыз. Әрбір сенбілікте, көгалдандыру жұмыстарында жастар бірігіп, қайбір істе де жүкті жұмыла көтеруге дайынбыз//

Тұрғындарды тазалыққа үндеген экологиялық акция ауданда тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Осылайша, Аралдағы ағайын айналаны таза ұстап, экологияны ахуалды қалыпқа келтірсек дейді.