Бесарық ауылында жаңа өндіріс орындары ашылды. «Өңірлік инвестициялық орталық» және «Ауыл аманаты» жобасы аясында наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластика, сабын өндірістері өз жұмысын бастады. Берекелі ауылға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа өндіріс және сауда нысандарының ашылу салтанатына қатысты.
Дәулет Ізбасарұлы 2019 жылы сабын және кір жуатын ұнтақ өндірісін қолға алған. Бұған дейін қала аумағында «Таза» деген атаумен тұрмыстық өнім шығарып келген кәсіпкер, бизнесін өрістетіп, енді міне «Бесарық» сабын цехын ашты.
ДӘУЛЕТ ІЗБАСАРҰЛЫ - КӘСІПКЕР // «қазіргі таңда күніге 1000 дана сабын шығарамыз. 3 адамды осы ауылда жұмыспен қамтып отырмыз. Сабындардың шикізатын өзіміз дайындаймыз. Еш жерден сатып алмаймыз. Басқа сабындардан айырмашылығы көп. Біздің сабындар енді сиырдың іш майынан жасалатын болғандықтан, оны тоң қылып қатырамыз. Өзіміз дайындап халыққа осындай таза табиғт өнім ұсынамыз».
Ал ауыл тұрғыны Мұхит Молдабаев пластикалық бөтелке өндірісін қолға алды. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында 12 миллион теңге несие алған. Қытайдан әкелген құрал-жабдығы сағатына 700 дана бөтелке шығаруға қауқарлы екен.
МҰХИТ МОЛДАБАЕВ - КӘСІПКЕР «ең көп шығарғанымыз 7000-дай әзірге күніне. Құрылуы бар, монтажы бар. Енді-енді клиенттер табылып, жәймендеп шығарған өнімдерімізді сатып жатырмыз. Бұл жанұялық бизнес. Әзірге келіншегім екеуміз жұмыс істейміз. Қосалқы адам алғанымыз жоқ. Алдағы уақытта үлкен обьемдағы жұмыстар басталғанда адам алатын боламыз. Қазіргі таңда ауылымызда сүт өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлер бар. Соларға өткізіп жатырмыз».
Бұдан бөлек ауылда шұлық цехы да бар. Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева заманауи шұлық дайындайтын құрылғымен цех жұмысын жандандырып отыр. Мұнда жыл мезгілдеріне арналған шұлықтың бірнеше түрі дайындалып, сатылымға шығарылады.
СӘРСЕНКҮЛ АРАЛБАЕВА - КӘСІПКЕР// «бұл «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген 2,5 пайызбенен 5 млн несие алып, осы шет мемлекеттерден соңғы үлгідегі құрылғыларды алдыртып, осы шұлық өнеркәсібін іске қостық. Наурыз айынан бастап жұмыс жасап жатырмыз. Сапасы өте жақсы. Қолжетімді бағамен сатып жатырмыз. Халыққа да ұнап жатыр».
Бұл Бесарықтағы кәсіпкерлік нысандардың бір парасы ғана. Жалпы биыл ауылда 1 мың шаршы метрлік шағын өндіріс орталығы салынып, 13 кәсіпкер өз кәсібін бастауға мүмкіндік алып отыр. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 жоба, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жоба және «Абай-Дәулет» серіктестігінің қаражаты есебінен 4 жоба қолға алынған.
ТАЛҒАТ МАТАЕВ - «ҚЫЗЫЛОРДА» ӨҢІРЛІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ // «облыс әкімінің қолдауымен осы жоба ауылшаруашылық өндірісі, басқа өнеркәсіп өндірісі қолға алынып отыр. Қызылорда өңірлік инвестиция орталығының шарттары өте тиімді. Біз 5 жылға дейін несие береміз 6 пайызбен. Оның үстіне каникул береміз 1,5 жыл. «Ауыл аманатымен» қатарлас біз де осындай жобаларды қаржыландырамыз».
Бесарықта бастама баршылық. Өндіріс орындарымен қатар «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана да тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсетуге дайын тұр. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа кәсіпорындардың ашылуымен құттықтап, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Абайұлына «Бесарықтағы» берекелі бастамалары үшін алғыс білдірді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ // «табан тірер туған жерімізге қолдау болып, ауыл, елдімекендерімізді одан әрі дамыту үшін бірлесіп жасауға барлықтарыңызды шақырамын. Осыны көріп басқа аудандарда, ауылдарда ұйымдастыру керек. Ал біздің тарапымыздан, облыс тарапынан «Ауыл аманаты», «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несиелер берілетін болады. Біздің тарапымыздан барлық кезде қолдау болады. Тек осыны басқа аудан, ауылдарда да ұйымдастырып, алға қарай жүргізуге ұмтылу керек. Барлықтарыңызды осы Бесарық ауылындағы берекелі жұмыстарды басқа ауылдарда жасауға шақырамын. Бүгінгі жаңалықтардың барлығы құтты болсын».
Айта кетейік, «Абай-Дәулет» серіктестігі «Бесарық» ауылын көркейту, көгалдандыру, күрделі жөндеу жұмыстарына соңғы жылдары 730 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Шаруашылық есебінен ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Биыл да 642 миллион теңгеге мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалып, орталық алаңға қайта жаңғырту жүргізіліп, жаңа өндіріс орталығы бой көтерді.