#qyzylordatv
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы бірқатар өндіріс орындарын, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Осы ретте қала әкімі Нұржан Ахатов Президент сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан түрлі сала мамандары мен қарапайым еңбек адамдарына аймақ басшысының алғысын жеткізіп, құрмет көрсетті.
Естеріңізге салсақ, Президент сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды. Өнер орталығында Нұрлыбек Нәлібаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде есеп берді. Осы орталықта өңір жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жоғары даму қарқынына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа стадионды, үстел теннисі орталығын, тарихи-өлкетану музейін көріп шықты. Ел президенті аймақтың дамуын оң бағалап, алдағы жоспарларды уақытылы және сапалы іске асыру, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Облыс орталығында ұйымдастырылған «Еңбек мерейі – ел құрметі» атты салтанатты іс-шарада қала әкімі Нұржан Ахатов алдымен шаһардың даму қарқыны мен алда атқарылар ауқымды жобаларға тоқталды.
Мұнан кейін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді қатысқан түрлі сала мамандары мен қарапайым еңбек адамдарына облыстың ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасы мен облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Соңғы жылдары аймақ экономикасында айтарлықтай түлеу бар. Мәселен осыдан 3 жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңгенің шамасында болса, қазір 850 млрд теңгеден асып жығылады. Нәтижесінде, халыққа ең қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар, инженерлік-инфрақұрылым жобалары сәтті жүзеге асып келеді. Мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі.