#qyzylordatv
АҚШ – Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздік ала сала басталған әріптестік бүгінде стратегиялық деңгейге жетті. Екі ел арасындағы инвестиция көлемі алпыс миллиард долларға жуықтады. Енді серіктестік көлік, логистика, сирек металлдарды өндіру, цифрландыру сияқты жаңа бағыттарда кеңеймек.
АҚШ бизнесі тәуелсіздік алғалы Қазақстанмен тығыз байланыста. 1993 жылы елімізге алғаш болып келген ірі инвесторлардың бірі — «Chevron» компаниясы. Бүгінде бұл алып корпорация әлемде өндіретін мұнай мен газдың төрттен бір бөлігін Теңіз кен орнынан, яғни «Tengizchevroil»-дан алып отыр. Қазақстан да өз кезегінде сенімді әріптес екенін дәлелдеп келеді. Мысалы, бүгінде АҚШ тұтынатын уранның шамамен 24 пайызы біздің елден жеткізіледі. Ал қажет болған жағдайда, Қазақстан бұл көлемді еселеп арттыруға дайын.
Соңғы жылдары Қазақстан көлік және логистика саласын дамытуға айрықша мән беріп отыр. Тасымал жүйесінің тиімді жұмыс істеуі — шетелдік инвесторлар үшін де маңызды фактор. Бұл бағыттың дамуы ірі компаниялардың қаржысын ел экономикасына тартуға жаңа серпін береді. Өйткені Қазақстанда өндірілген өнімді бүкіл Орталық Азияға, сондай-ақ Шығыс пен Батыс нарықтарына жеткізу жеңілдеп келеді.