Елімізде 100 жасаған және одан да үлкен жастағы 423 қария тұрады. Мәселен, Шиелі ауданының ең қарт тұрғыны 100 жастағы Әділхан Османов. Ауданда 9 мыңнан астам зейнеткер болса, оның 204-і тыл ардагері. Шежірелі өлкеде қарттар күні ерекше үлгіде аталып өтті.

Мерейлі мерекені тойлау ұлттық құндылықтарды ұлықтаудан басталды. Мәдениет үйінің алдына дайындалған көрмеде қазақы салт-сана, дәстүр дәріптелді. Ауылдың дәмін сағынған көпшілік ұлттық тағамдардан дәм татты.

 Биыл қарттар күні аудандардан арнайы келген делегацияның облыс орталығындағы көрікті орындарды тамашалауынан басталды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аға буынның алған әсері ерекше.

 Әрі қарай салтанатты іс-шараға жалғасқан мерекеде аудан әкімі қадірлі қарттардың қоғамдағы орнына тоқталып, ел үшін еткен еңбегіне алғысын білдірді.

 Мұнан соң аудан көлемінде ауыл-аймағына бас болып, төңірегіне тоқтам айтар ақсақал мен ақ жаулықты әжелерге түрлі номинациялар табысталды.

 Білім беру мен партия ісінде 50 жылға жуық еңбек еткен Сейілбек Кемелұлы бұл күні «Байсалды қария» атанды. 87 жастағы қарт «Қай істе болмасын бірлік қана болашақты жарқын етеді» дейді.

 Қарттар күнін мерекелеудің мәні оларға сый-сияпат беру ғана емес, егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін насихаттау. Сонымен бірге аға буынның өмір сүру сапасын арттырып, қажеттілігіне назар аудару мен жалпыға бірдей қамқорлық көрсетуге үндейді дейді ұйымдастырушылар.

 Мерекелік іс-шарада аудан өнерпаздарымен қатар қарттар да сағындырған әндерді әуелете шырқап, концерттік бағдарламаға атсалысты.