Астанада өткен ІІІ Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тағайындаған арнайы сыйлықтар табысталды. Салтанатты рәсімде Қызылорда облысының әкімдігі өңірдегі оңалту және медициналық қызметтер бағдарламасын қолдағаны үшін «Аймақтың игілігі үшін стратегиялық альянс сыйлығымен» марапатталды. Бұл сыйлықты аймақтар арасында бірінші болып тек қана Қызылорда облысы иеленді.
Сыр өңірі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Қор аутизмі және басқа да ақыл-ой жетіспеушілігі бар балаларға арналған орталықтарды жабдықтауға, сенсорлық бөлме орнатуға, орфандық аурулары бар пациенттерді дәрілік заттармен қамтамасыз етуге қолдау көрсетті.
Мәселен, облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын республикада 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скринингке арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Жаңақорған ауданында да «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, озық үлгідегі жабдықтармен жарақталды. Дәл осындай нысан жыл соңында Арал ауданында да ашылады.