Спорт жаңалықтары. Облыс орталығында «Бала барысы» турнирі мәресіне жетті. Осымен үшінші мәрте жалауын желбіреткен жарыста 32 балуан белдесті. Қызығы сол, тартысты додада қармақшылық балуан Әлихан Әлиасқаров үщ дүркін «Бала Барыс» атанды.
Қармақшылық балуан Әлихан Әлиасқаров – «Бала барысының» екі дүркін жеңімпазы. Бұл жолы да жеңістен үмітті екенін жасырмады. Иығына қасқыр терісін ілген жас балуандар өз қарсыластарын «соқыр» жеребе арқылы анықтады.
Жарысқа 2009-2010 жылғы жасөспірімдер қатысып, 50 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Әуелі, қарсыластар жеребе тарту арқылы анықталып, әрі қарай 8 ден 1, ширек финал мен жартылай және ақтық сайыстарда мықтылар анықталды.
Боз кілемге кіші жасөспірімдер шыққан соң регламентте аз-кем өзгерістер болды. Ережеге сай түйе палуандар 5 минут күресу керек болса, жасөспірімдер 3 минуттық белдесу өткізді. Ал, жекпе-жектің әділ өтуі үшін кәсіби төрешілер қазылық етті.
Бапкерлердің айтуынша осындай додаларда көзге түскендері облыс құрамасына өтеді. Содан болар, кілемдегі әр белдесу финалға бергісіз тартысты өтті.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды жалағаштық Ерсұлтан Сұлтанбеков иеленді. Екінші орынды тағы бір жалағаштық палуан Әлинұр Сәрсенбай жеңіп алса, қарсыластарына дес бермей келе жатқан қармақшылық Әлихан Әлиасқаров үшін рет жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша ол арнайы жасалған алтын «Тайтұяқты» қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Бала барысқа алтын белбеу тағылып, 200 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Екінші орын алған палуан күміс белдік пен 100 мың теңге, ал, үшінші орын иегері қола белбеу және 50 мың теңгеге сертификат жеңіп алды.