Аймағымызда республикалық әкелер форумы өтті. Тәрбиелік мәні зор іс-шарада отбасындағы әкенің рөлі, тәрбиесі кеңінен сөз болды.

Республикалық әкелер форумы биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» баланың өн бойына отбасындағы құндылық тал бесікте берілетіні баршаға аян. Ал ол қандай құндылық? Біз қандай құндылықтар «ұлықталатын» қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері осы сауалдар төңірегінде пікір алмасты. Бірқатары өз өміріндегі әкенің орнын, тәрбиесін айтып, тәжірибе, кеңесімен бөлісті.

 БЕКЗАТ КАУМЕШОВ - АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ӘКЕЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

 Өзімде көп балалы әкемін. Әкелер форумына өзім бірінші рет келіп тұрмын, жалпы форумға қатысып тұрмыз. Алған әсеріміз ерекше. Форумға қатысып жатқан спикерлерден өте құнды және маңызды ақпараттарды алдық. Осы ақпараттарды өзіме алып, бұйырса Ақтөбеге барғаннан кейін жастардың арасында өткізіп, насихаттап, үлкен бір сауалнамалық, үлкен бір маңызды жиындарды өткіземіз деп ойлаймын.

АРЫСТАНҒАЛИ АРЫНОВ – ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ӘКЕЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Қазақстанның түкпірінен жиналған әкелер жиналып жатырмыз. Жақсы мағлұмат беріліп жатыр, ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде жасалған. Осы жердегі азаматтарға үлкен алғысымызды білдіреміз. Бәрі тамаша болып жатыр. Спикерлер өте мықты, психологтар бар. Әкелер мықты болса, мемлекетіміз мықты болады деп ойлаймын.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов форум қонақтарына аймақ басшысының жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, отбасы құндылығы мен киелі шаңырақ қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіру, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу мақсатында аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Одан соң форумға қатысушылар «Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет», «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы түрде ата-ана болу», «Ерлер үшін спорт пен денсаулықтың маңызы» деген тақырыптарға жан-жақты тоқталды.

 БІРЖАН ӘЛІМЖАНОВ – ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Ең басты мақсаты және міндеті – бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасындағы әкенің орнын айшықтау. Өздеріңізге мәлім,қазіргі кезде бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі дегенменде жыл сайын әлсіреп келе жатыр.Соның нәтижесінде балалардың арасында әртүрлі сипаттағы кереғар қылықтар пайда болуда. Сондықтанда солардың алдын-алу үшін шараның барысында бірқатар тақырыптарға арналған арнайы секциялар өткізілуде.

«Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге жан-жақты қарауға ұмтылады, – деді форум делегаттары. Айта кетейік, республикалық форум алдағы уақытта да дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады.