Қызылордада классикалық шахматтан облыс әкімінің ашық кубогы басталды. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған ой бәйгесіне еліміздің әр аймағымен қатар, көршілес мемлекеттерден де бірқатар спортшы келген. Енді олар бір апта бойы шеберлік байқасып, қомақты жүлдені сарапқа салады.

Ақыл-ой мен логикалық қабілетті дамытатын шахмат ойыны әлемде кең таралған спорт түрі. Соңғы жылдары Сыр өңірінде ой бәйгесіне ерекше екпін беріліп, жас шахматшылардың қатары артып келеді. Ал, бұл жолғы доданың тіпті жөні бөлек. Яғни, тайында тайпалған таланттармен бірге, аға буын өкілдері де сайысқа түсіп, облыс әкімінің кубогін сарапқа салуда.

Биыл алғаш рет өтіп жатқан шахмат бәсекесіне 80-нен астам спортшы қатысуда. Соның ішінде ел үздіктерімен қатар, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан мемлекеттерінен халықаралық рейтингте жоғары көрсеткішке ие 10 спортшы келген. Олар өзара бақ сынайды. Бәсі жоғары сайыстың жүлдесі қомақты. Сондықтан ой додасы өзге санаттар бойынша да тартысты өтері анық.

ТИМУР ҚАСЫМОВ – ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ

 Қызылорда облысы әкімінің бірінші ашық кубогы 3 санат бойынша өтіп жатыр. Бірінші секция халықаралық норма бойынша рейтингі жоғары шахматшылар арасында болады. Ал, "В" секциясына эло рейтингінен жоғары емес шахматшылар қатысып жатыр. Мұнда жас аралығында шектеу жоқ. Жас өрендермен бірге ардагерлер де ойнай береді. Ал келесі турнирде мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер шеберлік байқасуда.

Шахмат - ақыл айқасы. Сондықтан мұнда ойымен озған жас таланттар жетерлік. Аға буынның арасында да асықпай отырып, алдын қамдар азаматтар бар. Бір сөзбен бұл өскелең ұрпақ пен алымды ардагерлер бір ортадан табылып, шеберлік шыңдайтын алаңға айналып отыр.

 Спорттық сайыс тоғызыншы қарашаға дейін жалғаспақ. Бір апталық бәсекеде озық ойымен дараланған шахматшылардың бәріне арнайы кубок пен қаржылай сыйлық табысталады.