Кәрі құда қыс таяу. Сол үшін көлікті қысқа дұрыс әзірлеу маңызды. Дөңгелекті ауыстырудан бөлек, аккумулятордың тоқ күшін есептеу, әйнек сүрткішті жаңарту сынды ұсақ-түйекке дейін қамданған жөн. Көлік жүргізушісі тағы нені ескеруі қажет? Тілшіміз мамандардың көмегіне жүгінген еді. Келесі бейнематериалға зер салайық.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //0025 Әні-міне дегенше күз айының бітуіне бір айдай ғана уақыт қалыпты. Демек, қыс қыр астында деген сөз. Көлік жүргізушілері қара жолда қалып қойып, әуре сарсаңға салынбаймын десе қытымыр ауа-райына дейін көлігін сайлап, қамданғаны жөн.
Темір тұлпарды баптау тек маусымға сай дөңгелекті алмастырудан ғана тұрмайды. Он жылға жуық уақыт көлік жөндеумен айналысатын Ерболат Ұзақбергеновтың сөзінше, ең алдымен техниканың негізгі бөлігі саналатын қозғалтқышқа жіті мән берген дұрыс.
ЕРБОЛАТ ҰЗАҚБЕРГЕНОВ – КӨЛІК ЖӨНДЕУШІ // Әр машинаның өзінің майлары болады. Мысалы осы тұрған Мерседес көлігіне 5-те 40 майын құюға болады қыс мезгілінде. Антифриз жасыл не қызылын құйған абзал. Негізі көліктің майы әр 6 мың шақырым сайын ауысып тұрғаны дұрыс. Қыста өйткені көлік ұзақ оталып тұрады. Қыздыру мерзімі көп болады. Мұнан бөлек, воздушной фильтрлері болады. Қыста сырттағы шаңды ішке кіргізбеуге арналған. Оны да май ауыстырған сайын ауыстырып тұрған дұрыс.
Көлік тілін жетік меңгерген маманның тағы бір кеңесіне жүгінсек, жүргізушілер алты мың шақырым жол жүрген соң қозғалтқыш майын ауыстыруы керек. Бұл өз кезегінде қытымыр қыста көліктің қара жолда іркілмеуіне септігін тигізеді. Төменгі температурада қозғалтқыш майы тоңазып қалар болса, қып-қызыл шығынға батасыз. Бұған қоса, ішкі жылыту жүйесін реттейтін пешті де тексерістен өткізу маңызды.
ЕРБОЛАТ ҰЗАҚБЕРГЕНОВ – КӨЛІК ЖӨНДЕУШІ // Көліктегі радиатор пешіне антифриз жақсы әрі уақытылы құйып тұрса, ешқашан бітелмейді. Кейде нашар антифриз құйылады содан көбіне пештер бітеліп содан су қыза бастайды. Жүргізушілер қыстың күні үнемі осы нәрсені ескермей жатады. Онан қалды сапасыз май құяды, пешіміз дұрыс болмай тұр деп келеді. Оның ішін жуып, жақсы антифриз құйып, зауытта қалай құйылады солай жасап беріп жібереміз.
Көлікті қысқа жүйелі дайындау мұнымен шектелмейді. Күн суықта көлік оңайоталуы үшін аккумуляторды жиі қуаттап тұру керек. Сондай-ақ, әйнек сүрткіштің де жол-көлік қозғалысы кезінде атқарар қызметі орасан. Үздіксіз жауған қарды мүлтіксіз тазартып тұрса, барар бағытыңызды қиындықсыз бағамдайсыз. Онан бөлек, көктайғақта орын алатын оқыс жағдайдың алдын-алу үшін тежегіш жүйесін тексеруді ұмытпаған абзал. Уақытылы көлікті баптау, тиісті амалдарды жасау өз қауіпсіздігіңіздің кепілі болмақ.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ // Сондай-ақ, сіз желтоқсанның бірінен бастап көлігіңіздегі жаздық доңғалақты шешіп, қыстыққа ауыстыруға міндеттісіз. Бұл талап бірнеше жылдан бері қойылып келеді. Ал, қысқы дөңгелексіз жүрген көлік иесі 5 АЕК көлемін айыппұл төлейді. Жол полициясының қызметкерлері мұны қыстың үш айында талап ете алады.
ИСЛАМ ОКТЯБРИН – ОПД ӘПБ ЖОЛ-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ // ҚР Жол жүріс қағидалары мен кеден одағының дөңгелекті көлік құралдары мен қауіпсіздік техникаларының регламентінде қыс мезгілінде желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында қысқы дөңгелектермен немесе шиналармен жабдықталған көлік құралдарын пайдалану керек.
Қыс мінер шанаңды жазда сайла, дейді қазақ. Қазірдің өзінде біраз ағайын қамданып, қысқы дөңгелек сатып алып жатыр. Тапсырыс бергендер де көп. Әрине, қол жеткендер жаңасын салдырады. Ескісін қимай жүріп алатындар да табылады. Мамандардың айтуынша, машина дөңгелегінің бір-бірінен айырмашылығы бағасы мен сапасында.
Сонымен көлікті қысқа қаншалықты ерте қамдасаңыз, соншалықты қалтаңызға салмақ түспейді. Себебі технологиялық сұйықтықтардан бастап, түрлі құрал-сайманның бағасы қыста анағұрлым қымбаттайтыны белгілі.