Мемлекет басшысы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін айтып, әр облыста және ірі аудан орталығы мен ауылдарда спорттық үйірмелерді ашуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов бастаған мониторингтік топ Сырдария ауданына қарасты елді-мекендерде ашылған үйірме жұмысына тексеріс жүргізді.

 Мониторингтік топ алдымен Қоғалыкөл ауылында «Арт спорт» бағдарламасы бойынша жұмысын бастаған үстел теннисі үйірмесіне барды. Мектеп жертөлесінде орналасқан спорттың бұл түрімен қазір 37 бала шұғылданады. Алайда, аядай ғана бөлмедегі үйірме жұмысы стандарттық талаптарға сай келмейді. Тіпті, жылу жүйелері де жүргізілмепті. Шахмардан Асқарұлы аталған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді тапсырып, балаларға қолайлы жағдай жасалу керектігін атап өтті. Мұнан бөлек, үйірме жетекшісіне бейнекамераның жұмысын жүйелеу керектігін қаперге салды.

Әрі қарай тексеріс жұмыстары Шаған елді мекенінде жалғасты. Ауыл мектебінің ішінен ашылған «Көркем сурет» үйірмесі бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мониторингтік топ үйірме жұмысын зерделей келе ауыз толтырып айтатын ерекшелік жоқ екендігін атап өтті. Сол үшін жетекшілік ететін кәсіпкерге жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары ата-аналармен кездесіп, «Арт спорт» бағдарламасының тиімділігі жайында кеңінен талқылады.