2029 жылға қарай елімізде транзиттік тасымалдау көлемі 28 млн-нан 45 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Осы орайда көлік желілерін жаңғыртып, инфрақұрылымдық жүйені жетілдіру міндеті тұр. Маңызды мәселе үкімет отырысында талқыланып, өңір әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Мұнан соң аймақ басшысының төрағалығымен өткен селекторлық жиында облыста атқарылар шаруалар пысықталды.
Қазақстан теңізге шықпайтын ең үлкен мемлекет. Сондықтан транзиттік тасымалдау қызметінің басым бөлігі теміржол желісі арқылы жүргізіледі. Соңғы 2 жылда елімізде 3 мың шақырымға жуық шойын жолға жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Мұның ішінде Сыр өңірінде де толайым тірлік бар. Әсіресе, аймақта теміржол желілерін жетілдірумен қатар, вокзал ғимараттарын заман талабына сай көркейтуге көңіл бөлінуде. Маңызды жоба облыс орталығынан басталды. Енді аудандардағы теміржол вокзалдарын ретке келтіруге қаржы қаралмақ.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Өткен жылы аудан әкімдеріне теміржол вокзалдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырған болатынмын. Бүгінгі күні 6 теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізуге арнайы жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жалпы құны 2 млрд, 811 млн теңгені құрайтын жобалар Қазақстан Теміржолы компаниясына жолданды/
Аталмыш компания басшылығы өңірдегі теміржол вокзалдарын күрделі жөндеуге ыңғай білдіріп отыр. Ол үшін жергілікті әкімдік жоба-қаржылық құжаттарды тап-тұйнақтай тапсыруы тиіс. Алайда, аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы жүктеген міндетті әлі күнге дейін созбалаңға салып жүрген әкімдер бар. Мәселен, Төретам мен Сексеуіл кенті вокзалының құжатын құнттау қолға алынбапты. Жиында Қармақшы мен Арал ауданының әкіміне осы жұмысты жеделдету тапсырылды. Бір сөзбен, келер жылы өңірдегі барлық теміржол вокзалы облыс орталығындағы нысан секілді жаңғыртылуы тиіс.
Үкімет отырысында елімізде ІТ саласын жетілдіру жайы да пысықталған болатын. ІТ саласын дамыту шараларын ұйымдастыру және оларға жастарды көптеп тарту бойынша өткен жылдың қорытындысымен өңіріміз бірінші орынды иеленді. Биылғы 10 айдың көрсеткіші бойынша да көш бастап келеді.