Негізгі Жаңалықтар Тасбөгетті Түлеткен Молдашев 80 жаста

Тасбөгетті Түлеткен Молдашев 80 жаста

#qyzylordatv 

Ел десе, еңбек десе елең етіп, еселі тірлік тындыратын елжанды азаматтар болады. Мемлекеттің іргесі де сондай іскер, жанкешті жандармен берік қой тегінде. Елге болсын деп көксейтін жанның бірі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Рамазан Молдашев 80 жасқа шығып отыр. Бүгін қала активінде оның қарым-қабілеті, кісілік қасиеті, ізгі ісі көпке үлгі етілді.


 Тасбөгет кентінде Рамазан Молдашевті білмейтін адам жоқтың қасы. Ол осы кентте 15 жыл әкім болды. Әкімдік қызметі 90-шы жылдардың бел ортасында басталды. Ол кездегі Тасбөгет пен бүгінгі Тасбөгеттің бет-бейнесі бүгінде жер мен көктей. Салтанатты шараға бас қосқан үзеңгілестері Рамазан Молдашевқа «жоқтан бар жасаған адам» деп айдар таққан. Солайы солай.


Ол кезде қала мен облыс бюджетінің қаржы кепсерінен бұл кент көбіне құр қалатын. Ал, ауыз су тарту керек, қалауын тапса қар жанады демекші, Молдашев бастаған топ аймақта алғаш рет үш тілде техникалық-экономикалық негіздеме жасап, Жапонияның грантын ұтып алып, инфрақұрылым жұмысын бастап кетті. Орта жолда тоқтап қалад деген тұста сол кездегі Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің шапағаты тиіп, Тасбөгетке тікелей республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Одан кейін газ да тартылды, қоқыс мәселесі реттелді, басқа да әлеуметтік нысандар ірге көтерді. Қысқасы, біраз шаруа тұрғындар игілігі үшін атқарылды. 


Басқосуға жиналғандар жарыса сөз алып, мерейтой иесінің елжандылығын, іскерлігін тілге тиек етті. Сындарлы шақта елдің бірлігіне сызат түсірмей, ортақ іске жұмылдыра алған айрықша қасиетінің астын сызып айтты. Әлі күнге шейін Тасбөгеттің бір шегесі қисайса Рамазан аға шырылдап, түзетуге тырысатынын да ортаға салды. Жас әкімдер үшін Молдашевтің әкімдік мектебі үлгі боларлық дәрежеде десті жиналғандар.

Бөлісу