Ақындар адал еңбекті үлгі етті
#qyzylordatv
Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы өтті. Ауыл тарихын көркем сөзбен кестелеген өнер додасында 10 ақын бақ сынап, айтыссүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Ал, кешкілік көпшілікке арналған гала-концерт ұйымдастырылды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауыл халқын мерейтойымен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
Ынтымағы жарасқан жұрттың ырысы да мол. Нағилық диқандар қыркүйек келе сала дала төсін дүбірге бөлесе, айтыскерлер «қырманың қайнасын» деп жырмен қуат беруге жиылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10 ақын жеребе бойынша 5 жұпқа бөлінді. Сөз бәйгесінде облыс әкімінің бірінші орынбасары елдімекендегі атқарылған ауқымды істерді тілге тиек етіп, ақындарға сәттілік тіледі.
Айтысты бірінші болып Түркістан облысынан келген Ахметрасул Баянбай мен қызылордалық Бексұлтан Орынбасар бастады. Сөз жарысындағы ең жас жұп еңбек ерлерін жырға қосты.
Ал, қарағандылық Дидар Қамиев пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның жұбы күрішті маңдай терімен суарған қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетіп, айтыс үстінде шапан жапты. Елордалық Рауан Қайдар мен ақтөбелік Аруна Кәрімбайдың жұбы аға мен қарындас арасындағы айтысты көрсетті. Айтыс аламанын қарағандылық Мақсат Ақанов жетісулық Нұрзат Қару жұбы қыздырды. Екеуі де ұтымды әзілдер мен ұтқыр жауап айтып, қыз бен жігіт айтысының озық үлгісін көрсетті.
Соңғы жұп болып сырдариялық Нұрмат Мансұров пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев сөз қағыстырып, айтыс аламанын дүбірге бөледі. Кесек-кесек сөзбен көрерменге ой салып, тақырып төңірегінде тереңінен қозғай білді.
Мұнан соң ауыл тұрғындарының құрметіне еңбек аллеясында галаконцерт өтті. Аудан өнерпаздары Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың өмірінен қойылым қойып, диқаншы қауымның бір күндік өмірі көрініс тапты. Сыр салысы 60 жылдан бері бүтін бір ауылдың негізгі табыс көзіне айналған. Шарада Берік Сәрменбаев береке-бірлігі мен түзу тірлігі жарасқан ауылдың жұртшылығын мерейтоймен құттықтап, ауылдың дамуына сүбелі үлес қосқан жандарды мерекелік медальмен марапаттады.
Ал, кештің ажарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әнші Жеңіс Ысқақова аша түсті. Әннен шашу шашып, ауыл халқына жылы лебізін арнады.
Сондай ақ, гала-концертте эстрада әншілері Садраддин, Райым, Қуандық Рахым мен Жандос Қаржаубай өнер көрсетті. https://youtu.be/fbDvqqVsF2A