Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы институтында келіннің орны ерекше. Ол тек отбасының берекесі ғана емес, бүкіл әулеттің айнасы. Осы ұғымды жаңғырту мақсатында Тасбөгет кентіндегі мәдениет үйінде «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты келіндер сайысы өтті.
Бесаспап келіндер төрт кезең бойынша сайысты. Алдымен таныстыру кезеңі болды. Қазылар алқасы қатысушылардың киім үлгісін, сахна мәдениетін сақтауын, қолөнер шеберліктерін бағалады.
ӘСЕЛ АЙНЫШЕВА – ҚАТЫСУШЫ
Жаппас елінің келінімін, ата-енем бар. 15 жыл болды келін болып түскеніме. Өзім бастауыш сынып мұғалімімін. Үш баланың анасымын. Бұл сайысқа негізі бір аптадай дайындалдым. Қолымнан келгенше өзімді жақсы қырымнан танытамын деп үміттенемін, сенемін. Өйткені ата-енемнен алған тәжірибем бар. Сол кісілердің ақылы мен осы сайыста жеңіп шығамын деген сенімдемін.
Келін – отбасын ұйытып отырған алтын қазық. Ол – отағасының тірегі, ата-ененің сүйеніші, балаларының жылу берер жүрегі. Жарыс барысында әрбір қатысушы осы ұлы міндетті қаншалықты құрметтейтінін өз өнері арқылы дәлелдеді.
АРУЖАН СЕЙІЛБЕК – ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЕҢЕСШІ МАМАНЫ
Біз келіндер сайысын жыл басынан бері өткізіп келе жатырмыз. Осы уақытқа дейін алты ауылдық округті қамтыдық. Келіндер сайысының мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасы құндылығын насихаттау, сондай мақсатта осы келіндер сайысы ұйымдастырылып отыр.
Байқауға қатысушылар дәстүріміз бен әдет - ғұрпымызды кеңінен насихаттай отырып, қазақ келініне тән әдемілік, инабаттылық, ізеттілік пен іскерлікті паш ете білді. Қамыр жайып жарысты, қолөнерден құралақан емес екенін көрсетті.
ӘЙГЕРІМ РЫСМАҒАНБЕТОВА – ҚАТЫСУШЫ
Бос уақытымда қолданыста көп тұтынатын корзиналарды дайындаймын. Сайысқа бон-бон көрпесін әкелдім, қазір балаларға өте пайдалы. Түстерді тануға әрі массаж болады. Сосын сурет салатын өнерім бар, тәтілер пісірем.
Келіндер байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдені қызылордалық Балнұр Күмісбай иеленді. 1-орынға Әйгерім Рысмағанбетова лайық деп танылса, 2-орынд Шолпан Мұнарбаеваға бұйырды, 3-орынды Әсел Айнышева мен Аида Шынтемір бөлісті.