Қызылордада волейболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің бірінші тур ойындары өтіп жатыр. Онда кәсіби волейбол клубы бар жеті өңірден келген командалар айналмалы жүйе бойынша шеберлік байқасуда.

Былтыр ғана құрылған қызылордалық «Қайсар» қыздар волейбол клубы чемпионатта жүйелі өнер көрсетіп, біріншілікті біздің жерде өткізу құқығына ие болған еді. Араға жыл салып, Қызылорда тарихта тұңғыш рет волейболдан әйелдер арасында ел чемпионатын қабылдап отыр. Фаворит команда «Хромтаудың» қыздарын қапы қалдырып, турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді.

АБАЙ ДӘУІТОВ – АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

2023 жылы құрылдық, 2024-те бірінші рет өткізіп отырмыз. Өте жас команда біздің «Қайсар» командасы. Жергілікті жас волейболшы қыздардан құралған. Жаттықтырушыларымыз да жергілікті, ойыншыларымыз да жергілікті және ең жас командамыз чемпионаттағы. Жеңіліс, төрт жеңіс. Енді екі ойын қалды. Құдай қаласа үздік үштікте боламыз осы айналымда.

Ойындар бес партиядан тұрады және халықаралық дәрежедегі, жоғары санатты төрешілер қазылық етуде. Сайыс қорытындысы бойынша жүйелі ойынымен көзге түскендері ұлттық құрамаға шақырту алмақ.

ЕЛАМАН КӨКЕНОВ - ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Деңгей өте жақсы. Жеті команда бәрі бір деңгейде десек болады. Атырау қаласы, біз осыған дейін 5 ойын ойнадық. 2 ойын жеңдік, өкінішке орай 3 командадан жеңіліс таптық. Қызылордада бірінші тур жақсы деңгейде өтіуде, келесі екінші тур бізде Атырау қаласында өтеді.

Әзірге, барлық командалардың ұпайы бір-бірімен шамалас. Чемпионаттың алда 4 айналымы бар.