«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 3 мыңнан аса ауыл сапалы интернетке, сондай-ақ, бірқатар облыс орталығында 5G желісі іске қосылады. Ауқымды жоба алдағы үш жыл ішінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков тұрғындармен кездесуде айтты.
2027 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық ауыл сапалы интернетке қосылмақ. Ұлттық жобаны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Ал келер жылы облыс орталықтарында 5G желісі іске қосылады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 40-қа таяу базалық орнатылып тұр.
АЗАМАТ СЕРІКТАЕВ – ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛАР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Ұлттық жобаның аясында бізге 3 мыңнан астам ауыл еліміз бойынша талшықтық оптикаға қосылады. 3,5 мыңнан астам 5G базалық станциясы қойылады. Одан бөлек бізде 1 100 ауылда жергілікті желі салынатын болады. Яғни талшықтық оптика желілері үй шаруашылығына дейін баратын болады
Жиында киберқауіпсіздік, цифрлық сауаттылықты арттыру жайы сөз болды. Қазір мемлекеттік қызметтердің 93 пайызы халыққа онлайн түрде қолжетімді. Сондай-ақ, ІТ саласында да алға жылжу бар. Бұған әр аймақта ашылған ІТ хабтар ықпал етіп жатыр.
Сыр өңірін цифрландыру үшін 6 бағыттан тұратын арнайы жоба әзірленген. Әсіресе, қауіпсіздікке ерекше екпін беріліп отыр. Биыл алғаш рет ар аудан орталығына 80-ке жуық бейнекамера орнатылып, жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жұмыстар қылмыстың алдын алуға сеп болмақ.