Аймақтың айнасына айналған – «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттерінің жарық көргеніне 95 жыл толды. Өңірдің өзекті мәселелері, өткені мен даму деңгейін тарих жылнамасына қаттаған қос басылым ғасырға жуық уақыт бедерінде үздіксіз ақпарат таратып келеді. Мерейлі датаға орай «Сыр баспасөзінің қос қанаты» атты кездесу ұйымдастырылып, журналистер мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Ақпарат дәуірінде айшылық алыс жерден жылдам хабар жеткізетін телеарнамен қатар, мерзімді басылымның да маңызы зор. Аймақ тынысына айналған «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің тарихы терең. Қос газеттің алғашқы нөмірі 1929 жылы жарық көрді. Елдің рухани байлығын еселеген шығармашылық ұстахана бірнеше буын қаламгердің қанатын қомдап, талантын шыңдады. Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев секілді қазақ әдебиетінің алыптары осы газеттің қалыптасуына айрықша үлес қосқан. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысының арнайы құттықтау лебізін жеткізді.

1980-ші жылдары қос газеттің таралымы 100 мыңнан асып, оқырманның оң бағасын алған. Ал, қазіргі ақпарат ағыны жылдам дамыған кезеңде заманауи медиа кеңістікке етене еніп, әлемнің әр қиырындағы жаңалықты жұртшылыққа жеткізіп келеді. Мерейтойлық жиында мерзімді басылымның сан жылғы жетістігі сараланып, сала ардагерлеріне облыстың «Құрмет грамотасы» мен «Құрметті ардагер» медалі табысталды. Сондай-ақ бірқатар қаламгерлер ҚР Журналистер одағының «Құрмет грамотасы», «Қазақстанның құрметті журналисі» медалі мен облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 Жиында билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқарып келе жатқан қос газеттің өткені мен бүгіні сөз болды. Зиялы қауым мен аға буын өкілдері баспасөздің шығармашылық құрамына оң бағасын берді. Қай кезде де «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған. Бұл - уақыт дәлелі. Демек, қос басылым сырбойылық жұртшылықтың рухани серігіне алдағы уақытта да айнала бермек.