Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының кеңейтілген Алқа отырысы өтті. Жиында спорт саласын дамыту, спорт мектептері мен федерациялардың жұмысын жүйелеу, бір қызметте ұзақ мерзімде отырған директорларды ротациялау сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жаттықтырушылар мен спортшылар марапатталды.
Сыр спортшылары биыл Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 120 медаль жеңіп алса, Қазақстан чемпионаты мен кубоктарынан да олжалы оралды. Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 4 спортшы қатысып, ел намысын қорғады.
Өңірде тоғыз спорт кешені салынып, ел игілігіне берілді. Мұнан бөлек, құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығы ашылды. Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы арқылы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтті. Алқа отырысында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев салада атқарылып жатқан осы және өзге жұмыстарға тоқталды.
БАҚТИЯР АРТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда облысымызда 342 223 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Шұғылданушылар көрсеткіші бойынша 40,4 пайызды құрап, оң динамика қалыптасты.
Жиында атқарылған жұмыстармен қатар саладағы өзекті мәселелер де қаралды. Атап айтсақ, кейбір спорт мектептері «мамандандырылған» деген мәртебелерін қорғамаған. Сондай-ақ, бір спорт түрінен бірнеше жаттықтырушы болса да көрсеткіш төмен.
БАҚТИЯР АРТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
№ 7 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің еркін күрес бөлімшесінде 12 жаттықтырушы жұмыс істейді. Осы спорт түрінен жаттықтырушылардың санының көп болғаны мен нәтиже нашар. Сол сияқты, өткір мәселе №12 Сырдария ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімшесінде 7 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс жасап, ҚР чемпионатынан бірде-бір жүлдегер дайындамаған.
ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Жаттықтырушылардың жұмысына талдама жасап, неге біз шешім шығармаймыз онда егер бірде бір нәтиже болмаса. Құрметті әріптестер, бүгінгі отырыста айтылған сын ескертпелерді қаперлеріңізге алып, аталған мәселені оң шешім шығаруды тапсырамын. Талап баршамызға ортақ.
Жиын соңында жыл бойы үздік нәтиже көрсеткен қалалық, аудандық спорт бөлімдері мен спорт мектептері, жаттықтырушылар, спортшылар марапатталды.
Жаттықтырушылардың жұмысы шәкірттерінің жеңісімен есептеледі. Сондықтан мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдау маңызды.