Ақтаудағы ұшақ апаты авиациялық қауіпсіздікті тағы күшейту қажеттігін көрсетті. Ведомстоваралық комиссия отырысында Олжас Бектенов осылай деді. Үкіметтік комиссияның есебін тыңдап, бірқатар тапсырма берді. Алдымен ұшу қауіпсіздігі бойынша шара қабылдау қажет.

Сондай-ақ, жоспардан тыс тексеру жүргізіп, әуежайлар мен әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауды жүктеді. Әрі отандық авиакомпанияларға экипаж біліктілігі мен құзыретін қайта тексеру керектігін айтты. Жалпы құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтады. Ұшақ апаты салдарынан 29 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. 38 адам қаза тапты. Сондай-ақ санитарлық авиация желісі арқылы Астанадан жоғары дәрігерлер жеткізілді. Қазақстандық мамандардан бөлек, Әзербайжан мен Ресейден келген бригада жұмыс істеп жатыр. Көлік министрлігінің хабарлауынша, ертең Бразилияның авиациялық билігі мен Embraer 190 компаниясы Қазақстанға келеді. Түпқараған ауданында жергілікті техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

 ОЛЖАС БЕКТЕНОВ - ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ

«Бірінші кезекте қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қазақстан Үкіметі мен уәкілетті органдар зардап шеккендерге және қайтыс болғандардың туыстарына барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр. Сондай-ақ әуе оқиғаларына жедел ден қою мақсатында апаттық-құтқару жұмыстарын жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет. Орын алған жағдайдан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін нақты ұсыныстарды әзірлей отырып дұрыс қорытынды шығару қажет».