#qyzylordatv #qyzylordatv #жаңалықтар #news #заңментәртіп #жасандыинтеллект #ІТтергеу

Облыстық прокуратураның бастамасымен өңірде жасанды интеллект көмегімен қылмыстар ашылуда. Мәселен өткен жылы жаңа технология көмегімен 151 қылмыс ашылып, 62 қылмыскер құрықталған. Бұл туралы облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы брифинг арысында мәлімдеді.

Жалпы, өткен жылы 749 қылмыстық іс бойынша 1074 ұялы телефон нөмірі тексерілген. Соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, 62 қылмыскер құрықталды. Мәселен, интернет алаяқтықпен тұрақты түрде айналысып, жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде залал келтірген қылмыстық топ ұсталған. Олар астыртын әрекетті Батыс Қазақстан облысында жүріп жүзеге асырыпты. Айта кетерлігі, облыстық прокуратура мамандары соңғы жылдары қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасына айрықша назар аударып келеді. Осы орайда жуырда жергілікті бюджеттен 2 млрд 240 млн теңге қаржы бөлініп, 539 бейнебақылау камерасы мен 49 дана жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылды. Бүгінде камералардың көмегімен 295 әкімшілік, 1 қылмыстық іс ашылған. Брифинг барысында облыс прокуроры аталмыш құрылымның жаңашыл жобаларын да тілге тиек етті.

РИЗАБЕК ОЖАРОВ – ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ

Жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың жұмысын тиісті дәрежеде үйлестірудің нәтижесінде аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Біздің бастамамызбен өңірде «Смарт білезік", «ІТ тергеу» және «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» атты 3 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл жобалар оң нәтижесі беруде. Нақтыласақ, «Смарт білезік» жобасы аясында «үй қамақ» бұлтартпау шарасы қолданылған 137 күдіктіге смарт білезік тағылып, тергеп-тексеру жүргізілді. Одан бөлек, «ІТ тергеу» жобасы аясында интернет алаяқтық қылмыстарды дер кезінде ашу мен сапалы тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін «Киберпол» тобы құрылып, құрамына тәжірибелі прокурорлар мен полиция қызметкерлері енгізілді.