#qyzylordatv #news #жаңалықтар #новости #мүшәйра #шығарма #өзгеұлтөкілдері

 Нағи Ілиясов атындағы № 9 мектеп-лицей түрлі ұлт өкілдерін тоғыстырған білім ошағы. Бір ерекшелігі, бұл мектепте оқитын этнос өкілдері Абай мен Мұқағали өлеңдерін жатқа біледі. Олардың бірқатары алдағы күндері өтетін жыр мүшәйрасына дайындалып жатыр.

Бастауыш сынып мұғалімі Ирина Шалагина сабақ барысында шәкірттеріне қазақтың ақын, жазушыларының шығармаларын жиі оқып береді. Әсіресе, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған оқушылары да әдебиетке жақын.

Мәселен Ярослав Пак Абай Құнанбаевтың өлеңін жатқа айтса, Алена Аниканова Мұқағали Мақатаевтың жырларын жастанып оқиды. Алена оқуда озат. Облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр.

АЛЕНА АНИКАНОВА, ОҚУШЫ

Менің ұлтым орыс, бірақ қазақ тілін жақсы білемін. Қазақ тілі мен әдебиет пәнін жақсы көремін. Абай Құнанбаев, М.Мақатаев ақындардың өлеңін оқимын, жатқа білемін.

 Ярослав пен Алена мектеп мақтаныштары. Олар өзге ұлт өкілдері арасында өтетін жыр мүшәйрасына қатыспақ. Талапты өрендер сондықтан сабақтан тыс уақытта кітапханаға келіп, ақын өлеңдерін жаттайды.