#qyzylordatv #жаңалықтар #қызылорда #news #мектеп #жайлымектеп #ұлттықжоба
Қаладағы КБИ мөлтек ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім ошағы ашылды. 600 орындық мектепте оқушылар жан-жақты білім ала отырып, түрлі үйірмелерге қатысуға қолайлы жағдай жасалған. Жаңа нысанның өзге де артықшылықтары турасында салтанатты сәтке куә боп қайтқан тілшіміз тарқатады.
КБИ мөлтек ауданы сәт сайын кеңейіп келеді. Ал, мұндағы мектеп ғимараты кеңестік кезеңде салынған. Көне нысанда күнелткен көпшілік енді көзі ашылғандай күйде. Тұрғындардың көптен күткен тілеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жалпы бұл аталмыш жоба арқылы өңірде ел игілігіне берілген төртінші нысан. Алда әлі заман талабына сай дәл осындай 17 мектеп бой көтермек.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Осы айдың басында Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылынан 300 орындық және Арал қаласынан 300 орындық 2 жайлы мектеп ғимаратын табыстадық. Бұл арқылы Жаңарық ауылында бейімделген ғимаратта орналасқан мектептің мәселесі және Арал қаласында үш ауысымды оқыту қаупі туындаған №62 және №220 мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Осы айда Жаңақорған ауданынан 1 жайлы мектепті, жыл көлемінде 5 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға береміз.
«Жайлы мектептің» материалдық-техникалық базасы толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары ғимараттың жекелеген блоктарында білім алады. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, спорт залдары мен асханасы бар. Мұнымен қоса, балалар бос уақытында түрлі үйірмелерге қатысып, табиғи талантын ұқыппен ұштай алады.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ
Жаңа мектепте заманауи білім берумен қатар, осылай оқушыларға еңбектің қыр-сыры үйретіледі. Ол үшін ерлер мен қыз балаларға бөлек-бөлек арнайы кабинеттер жасақталған. Кәсіби мамандар дәріс береді. Бағамдасақ бұл нағыз еңбекке деген құрмет нышаны.
АСҚАРБЕК ЕСЖАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қызылорда облысында 12 300 орынға арналған 21 Жайлы мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жайлы мектептер негізінен апаттық мектептерді жоюға және 3 ауысымдық мектептерді болдырмау бағытында қолға алынды.
Жалпы, Әбу Құдабаев атындағы №197 қазақ орта мектебінде 940 оқушы бар. Осыған дейін олар ескі 2 ғимаратта ауыспалы негізде білім алып келді. Енді жас жеткіншектер еш алаңсыз жайлы мектепте оқуына толықтай жағдай жасалып отыр.
АҚГҮЛІМ ӘБДІҚАЛЫҚОВА – ОҚУШЫ
Балалардың білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз жан-жақты дамуға тырысамыз. Және де біздің еліміздің атын шығарып жүрген былғары қолғап шеберлері осы мектебіміздің мақтаныштары Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынбай Құлахметов ағаларымыз секілді биік белестерден көрінуге үлесімізді қосамыз.
ЕРКІН АҚШАЛОВ – Ә.ҚҰДАБАЕВ АТЫНДАҒЫ №197 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Бұрын ескі ғимаратта оқытып, енді жаңа нысанға көштік. Енді мүмкіндігіміз мол. Барлық жағдай жасалған. Бізге тек жұмыс жасау керек.
Жайлы мектепте әрбір оқушы үшін арнайы жеке заттары мен оқулықтарын сақтауға арналған шкафтар орнатылған. Бұл оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік бермек.