#qyzylordatv #жаңалықтар #news #қызылорда #өнер #өнерліадам #мүмкіндігішектеулі #жүрекжылуы
Қармақшы ауданының тұрғыны Қайрат Кәрбозов қос жанары көрмесе де домбыра тартып, ән айтады. Актерлік қабілеті де бар. Оның мақсаты үлкен сахнаға шығып өнер көрсету. Арманы асқақ азаматпен әріптесім Әкімжан Жолтаев тілдесіп келді.
Қайрат Кәрбозов Алдашбай ахун ауылында тұрады. Тоғыз жылдық мектепті бітіріп, кәсіптік лицейге түскен ол «Дәнекерлеуші» мамандығын алып шықты. Бірақ 2014 жылы денсаулығы сыр беріп, көру қабілетінен айырылды. Жігерлі жас бұл қиындыққа мойымады, «мүмкіндігім шектеулі» деп мұқалмады. Керісінше қолына домбырасын алып, өнер жолын таңдады. Сыр сүлейлерінің термелерін тыңдап, жыр жолдарын жаттады.
ҚАЙРАТ КӘРБОЗОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \Дүр Оңғар атамыздың сөзі барғой «Халықтан алғыс алып, бата алған бала әрқашан биіктен көрініп жүреді» деген. Менің нағашы атам Тұрмағамбет, Рүстембектің дастандарын жатқа білген. Қанда бар қасиетті өлтірмей алып келе жатырмын. Киелі сахнада жүрмін. Сахна деген киелі, халық өнерпаздарға басты иеді, Қайратжан домбырамен жырды айтады\
Өнерімен өрге жүзген Қайрат 2015 жылы ауылдық клубта алғашқы шығармашылық кешін берді. Қызылорда телеарнасының «Сыр серілері» реалити шоуына қатысып, бағын сынап көрді. Мұнан бөлек, «Жүрек жылуы» облыстық байқауында үшінші орынға ие болды. Ал, өткен жылы аудандық жыраулар үйінде концерт өткізіп, көрерменнің ықыласына ие болды. Қайраттың ендігі арманы үлкен сахналарға шығып, өнер көрсету.
ҚАЙРАТ КӘРБОЗОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ \Сахнаға шыққан ермек үшін емес, халықтың ықыласын алып, ауылдың атын шығару мақсат. Алдағы жоспар құдай қаласа елдің атын шығарып, концерттер берсек деймін, үлкен сахнадан көрінгім келеді домбырамды қолыма алып, Сырдан шыққан шайырлардың ізін жалғап.
Ерекше талант иесі жыршылық, әншілік өнерімен бірге актерлік қабілетін де шыңдап жүр. Төрт қабырғада қамалып отырғанды қаламайтын Қайрат қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады. Тағдыр сынына ұшыраса да сағы сынбаған сері жігіттің бұл ісі көпке үлгі.