#qyzylordatv #news #жаңалықтар #қызылорда #табиғат #шаруашылық #еңбек #еңбекардагері
Табиғатпен тел өскен тұлға. Сахи Бданов жарты ғасырға жуық ғұмырын, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына арнаған еңбек ардагері. Туған топырағының табиғатын аялап, оны бүкіл өмірінің өзегіне айналдырған азамат туралы келесі бейнесюжетте.
Теңіз төскейінде туып, тұмса табиғатпен етене ержеткен Сахи Бданов Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институттың түлегі. Жас маман еңбек жолын жолдамамен Қармақшы кеңшарында бастап, сиыр фермасын жоғары нәтижелерге жеткізді. Кеңшардың санатын көтеріп, шаруашылықтың экономикалық жағдайын күшейтті. Осының арқасында Мәскеудегі ауыл шаруашылығы академиясына үш айлық тәжірибеге жіберілді. Ал 1975 жылы облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы төрағасының орынбасары қызметіне орналасады. Небәрі 200 мың гектарға жуықтық қорықтық жерді едәуір ұлғайтты. Аңшылар мен балықшылар санын өсіріп, табиғи байлықты тұтынудың ережесіне енжар қарайтындарды тәртіпке шақырды.
Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамын 32 жыл басқарған Сахи Бдановтың саладағы еселі еңбегі ескеріліп, «Қорық ісіне еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісі табысталды. Еңбек ардагері мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін кейінгі буынға үйретіп, талай жасқа бағыт берді, әлі де ақыл-кеңесін аямай келеді..
Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті. Қос ұлы мен қызынан, оннан астам немере сүйген қазына қария бүгінде сексеннің төртеуіне аяқ басып отыр. Туған өлкесінің табиғатымен тыныстап, адалдық пен арды биік қойған арда азаматтың өмірі де өскелең ұрпаққа өнеге бола бермек.