Жүріп бара жатқан көлік тез қызады әрі зиянды затты аз бөледі. Осылай деген сенат депутаты Марат Қожаев автокөлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салатын норманы өзгертуді құптамады. Өйткені бұл халықтың игілігі үшін қабылданған заң дейді ол. Депутаттың пікірінше жаңа автомашиналарды ұзақ оталдырудың қажеті жоқ. Ал, ескі көлікпен жүретіндер жаңасын алғанша, айыппұл төлейтінін айтты.

МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Жыл сайын көліктің техникалық сипаттамалары өзгеріп жатыр. Егер назар аударсаңыздар, заманауи көліктер Push Start құрылғысымен жабдықталған. Бұл – шығарындылар аз болуы мақсатында жасалған техникалық шешім. Қазіргі таңда жаһандық мәселелердің бірі – экология. Бұдан бөлек көліктердегі барлық заманауи майлар көлікті қыздырмай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда ойлап табылған жаңашылдық емес. Бұл барлық елдерде жасалған.

Қарапайым халықтың бұған қатысты пікірі қандай? Тыңдап көрейік

5 минуттан артық қыздыруға болмайды дейді. Көшеде қаншама пробка болып тұр. Қанша ауа ластанып жатыр. Неге соны ойламайды.

Новый машинаның өзі 5 минутта қызып үлгермейді ғой. Мысалға мен автозаводқа қойып оталдырамын. Автозаводтың өзі 20 минутта тұрып машина қызады. 5 минут дегенің миға сыймайды ғой негізі.

Мұндай аязда машина түгіл адамның өзі қызбайды ғой. Ол қатып тұрған май түні бойы. Таңертең еш қызбайды. Жоқ дегенде 15-20 минут қызуы керек қой.

Бізде жай күнде 5 минутта жылымайды. Ал, мынадай суықта вообще невозможно ездить. Дұрыс емес деп ойлаймын.

 Ал, экология министрі Ерлан Нысанбаев қақаған аязда көлік қыздыруға 5 минут жеткілікті екенін дәлелдемек болып, эксперимент жүргізді. Әлеуметтік желіге жариялаған видеода Нысанбаевтың көлікті оталдырып, секундомер қосып қойғанын көруге болады. Министр даладағы ауа температурасы -17 градус екенін айтқан. Бес минуттан соң көлігінің жеткілікті қызғанын айтып, қозғала бастады. Дегенмен қозғалтқыш температурсы қаншалықты көтерілгенін нақты көрсеткен жоқ.

Иә, ішкі істер министрлігі бұл заңның 20 жылдан бері бар екенін айтады. Алайда, енді ғана қызу талқыға түсіп жатыр. Ережені бұзғандар 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 19 660 теңге айыппұл арқалайды.